"Қазгидромет" РМК синоптиктері 25-27 қыркүйекке арналған ауа райы болжамын ұсынды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Республиканың батысынан басқа облыстарының көпшілігінде жаңбыр шақырған циклон Батыс Сібірдің оңтүстігіне қарай ығысты. Ал Қазақстанға керісінше, антициклон жылжыды. Алайда ол ұзаққа тұрақтап қалмайды. Батыс облыстарға салқын атмосфералық фронттар ығыса бастады. Осыған байланысты, алдағы үш тәулік бойы батыс және солтүстік-батыс облыстардың кей жерлерінде найзағай аралас жаңбыр жауып, батыстан екпінді жел соғады. Ал Қазақстанның басқа өңірлерінде бұл күндері қазіргі маусымға тән климаттық нормадан жоғары температурадағы жауын-шашынсыз ауа райы сақталады», делінген хабарламада.