27 шіл, 2018 сағат 11:17

Зырян ауданының аты Алтай деп өзгеруі мүмкін

Отарлық таңбасындай орысша атаулардан құтыла алмай келе жатқан Шығыс Қазақстанның ономастика саласында соңғы жылдары ілгерілеушілік байқалады. Өңірде өзге ұлт өкілдерінің қарсылықтарына қарамастан жергілікті зиялы қауымның, ақсақалдардың, әртүрлі ұйымдардың батыл қадамдарының нәтижесінде көше, елді мекен атаулары біртіндеп ауыстырылып жатыр.

Ворошилов көшесіне Шәкәрімнің аты беріледі

Жақында Өскеменде өткен көшелерді қайта атау бойынша тұрақты комиссияның қоғамдық тыңдауында шаһардағы ең үлкен көшелердің бірі Ворошилов көшесіне биыл 160 жылдығы тойланатын ақын, ойшыл, ғұлама Шәкәрім Құдайбердиевтің есімін беру мәселесі талқыланды. Кеңестік көсем атындағы көшеге ұстаз, 40 жылдан астам уақыт Көкпектідегі балалар үйін басқарған Жақия Шайжүнісовтің атын беру керек деген ұсыныс та айтылды жиында. Дегенмен қалалық мәслихат депутаттары тараптардың пікірін тыңдай келе «Алтай асуы» қоғамдық бірлестігі тарапынан ұсынылған Шәкәрім Құдайбердіұлының есімін беру туралы ұсынысты бірауыздан қолдады.

Қоғамдық тыңдауда бұдан бөлек Питер коммунарлары көшесін Лев Толстой, Лениногор көшесін Теміржолшылар, Комсомол көшесін Жастар деп қайта атау жөніндегі ұсыныстар да депутаттар тарапынан қолдауға ие болды. Сондай-ақ, қаланың қақ ортасындағы «Жастар» саябағына Халық қаһарманы Қасым Қайсеновтің есімін беріп, батырдың жанармай бекеті жанындағы кеуде мүсінін саябақтағы Киров ескерткішімен алмастыру мәселесі де қоғамдық тыңдауда тілге тиек етілді. «Ұсыныстарды қалалық мәслихаттың депутаттары бір ауыздан қолдады. Қоғамдық тыңдау бойынша қаулы дайындалып, құжат енді республикалық ономастикалық комиссияға жіберіледі. Ақырғы шешім сол жерден шығады», – дейді қалалық мәслихаттың депутаты Майраш Екібасова.

Осы жиында қаладағы 23 атаусыз көшеге есімдер беру мәселесі де қарастырылды. Мәселен, 20 ықшам аудандағы әлі атау берілмеген көшелерге ғұлама ғалым әл-Фараби, жергілікті жазушы Анатолий Иванов, хоккейші Борис Александров, Байқошқар батыр, ұстаз Құсайын Жаманбаев, дәрігер Андрей Кашкаров, металлург Қайырбек Ақжігітов, Ақбауыр, Толағай, Өсиет, Жерұйық, Ақжол, Шапағат, Думан, Үркер, 16 ықшамауданға Арасан, Ақшоқы, Аялы атаулары ұсынылды.

Қоғамдық тыңдауда ақын, жазушы Әлібек Қаңтарбаев: «Өскеменде спортшы Борис Александров атында Спорт сарайы бар. Сондықтан бұл көшеге жерлесіміз, композитор, КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Еркеғали Рахмадиевтің атын берсек орынды болар еді. Ал жұрттың көпшілігі біле бермейтін Байқошқар батырдың орнына Қаракерей Қабанбайдың немере інісі, үзеңгілес серігі, өз заманының батыры, сөз ұстаушысы әрі әділ биі болған Дәулетбай батырдың есімін неге бермеске?! 20 ықшам аудандағы атауы жоқ көшелерге ел көп танымайтын Құсайын Жаманбаевтан гөрі биыл 130 жылдығы аталып өтіп жатқан әйгілі әнші Әміре Қашаубаевтың, дәрігер Андрей Кашкаровтан гөрі абайтанушы, Ақбауыр үңгірін зерттеуші, жазушы Евгений Курдаковтың атын беру қажет деп ойлаймын» деп өз ұсынысын айтты.

Алаштың рухани астанасы саналатын Семейде де көше атауларын ауыстыру мәселесі аздаған қарсылықтарға қарамастан жүйелі түрде жалғасып келеді. Жақында осы қалада өткен қоғамдық тыңдауда шаһардағы Строительная көшесін дәстүрлі әнші Тұрсынғазы Рахимов, Парковая көшесін Кеңес Одағының батыры, тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі болған Сағадат Нұрмағамбетов, Н.Крупская көшесін жазушы Әзілхан Нұршайықов, Краснознаменная көшесін сұрмерген, батыр қыз Баян Байғожина есімдерімен атау жөніндегі ұсыныстар талқыға түсіпті. Сонымен қатар Семейдегі Комсомольская көшесін – Жібек Жолы, Кутузов көшесін – Алтай, Колхозная көшесін – Берел, Первомайская көшесін – Алаш, 1 декабрь көшесін – Самал, Декабристов көшесін – Звёздная, Восход кентіндегі Туктабаев көшесін – Сонар атты тарихи атауларға ауыстыру жайы да сөз болыпты.

Даниал Ахметов: «Ленин, Киров, Орджоникидзе, Дзержинский деген секілді атауларға неге жабысып қалдық?»

Шығыстағы орысша атауға тұнып тұрған ауданның бірі – Зырян. Жақында бұл ауданда да аудан орталығындағы идеологиялық тұрғыдан ескірген көше атауларын ауыстыру мәселесі талқыланды. Мәселен, Ленин көшесін Астана, Советская көшесін Тәуелсіздік, Лениногорская көшесін Вишневая, Канавная көшесін Родниковая, Пролетарская көшесін  Спортивная, Ворошилов көшесін Труд, Советский переулок көшесін Тенистый, Комсомольская көшесін Кеңес Одағының батыры Павел Кольцов және Коммунистическая көшесін Кеңес Одағының батыры Төлеген Тоқтаровтың есімімен қайта атау жөнінде ұсыныстар айтылыпты. Астана мен Тәуелсіздік, Павел Кольцов пен Төлеген Тоқтаров атауларын беру дұрыс-ақ. Ал Лениногорская көшесін Вишневая, Канавная көшесін Родниковая, Пролетарская көшесін Спортивная, Ворошилов көшесін Труд, Советский переулок көшесін Тенистый деп орысша атауды қайтадан орысшаға ауыстырғаннан не ұтамыз?

Жуықта Зырян ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Даниал Ахметов те аудан орталығындағы көптеген көшелердің атаулары бүгінгі заман талабына сай келмейтіндігін айтып, оларды өзгертетін кездің әлдеқашан жеткендігін алға тартты. Аймақ басшысы кезінде өзі де коммунистік партия қатарында болғанымен, өткен ғасырдың басындағы ауқымды саяси қуғын-сүргінге нақ осы «қызылдардың» кінәлі екенін атап көрсетті.

«Ленин, Киров, Орджоникидзе, Дзержинский деген секілді атауларға неге жабысып қалдық? Нақ осы «қайраткерлердің» кесірінен миллиондаған адамдар қырылды. Біз өскелең ұрпақты достыққа, тәуелсіздікке баулуымыз керек. Ендеше көшелерді Достық, Тәуелсіздік деп атайық. Бізге өз заманымыздың қаһармандарын дәріптеу қажет. Айталық, Сағадат Нұрмағамбетов осындай құрметке әбден лайық. Зырянның өзінен шыққан қаншама соғыс батырлары бар. Ұлыларымыз – Абай, Әуезов бар, Жамбыл бар, Лермонтов пен Пушкин бар. Қаншама даңқты жерлестеріміздің – жұмысшылар мен инженерлердің, мұғалімдер мен дәрігерлердің есімдері ескерусіз қалып жатыр. Осы бағытта жұмыс істейік», – деді Д.Ахметов.

Алдағы уақытта Зырян қаласында 28 көшенің атауы өзгереді деген сөз бар. Ендеше, облыс әкімі айтқандай Абай, Әуезов, Жамбыл секілді ұлы тұлғаларымызға көше есімі берілсе құба-құп.  

Малеевск, Северное, Средигорный, Чапаев, Парыгино, Никольск, Соловьево, Первороссийск... Бұл – Зырян ауданындағы ауылдық округ атаулары. Көріп отырсыздар, айналдырған 9 ауылдық округтің 8-і орысша (Тұрғысыннан басқасы). Тоғыз ауылдық округтің ішіндегі орысшаға тұнып тұрған Александровка, Андреевка, Ермаковка, Бедаревка, Путинцево, Богатырево, Снегирево, Крестовка, Пролетарка, Орловка, Ленинск, Бородино, Подорленок, Огнёвка, Васильевка, Дородница, Быкова, Новокрестьянка секілді ауылдардың атын айтып жүйкелеріңізді тоздырмай-ақ қояйық.

Біреу білсе, біреу білмес, облыстағы Лениннің қасқайып, «болашаққа жол сілтеп» тұрған жалғыз ескерткіші де осы ауданда. Ауданда болғанда аудан орталығында орталық көшелердің бірінде тұр.

«Жиенқұлға келгенде шықпайды үнім» дегендей, Зырян ауданына келгенде ұялғаннан үніміздің шықпайтыны рас.

Айтпақшы, соңғы кездері осы Зырян ауданының атын Алтай деп ауыстырады деген әңгімелер ел арасында жиі айтылып жүр. Несі бар, ауысса, ауысып қалар. Аудан атауы өзгерсе, рет-ретімен ауыл, көше атаулары да өзгерер.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан» газеті

Шығыс Қазақстан облысы ​​​​​​

Суретте Зырян қаласындағы Ленин ескерткіші