Фото: NewTimes.kz
Астананың сол жағалауында, «ЭКСПО» ауданындағы Рысқұлов көшесінің бойында жүргізіліп жатқан құрылыс жұртшылықтың наразылығын тудырды. №2 қалалық көпбейінді аурухананың дәл алдынан тоғыз қабатты BAYAAN тұрғын үй кешенінің бой көтеруі тұрғындар мен медицина қызметкерлерінің қарсылығына себеп болды.
Тұрғындар мен дәрігерлер не дейді?
Әлеуметтік желіде бұл құрылысқа қатысты пікірлер тасқыны толастамай тұр. Адамдардың ашуына тигені — қала біртіндеп «құмырсқа илеуіне» айналып бара жатқаны.
«Даламыз кең ғой, шүкір, неге бәрін бір жерге тығыздай береді? Мына "құмырсқа илеуінің" арасында дем ала алмай барамыз. Ауылға көшуге аз қалдық», — дейді ашынған тұрғындардың бірі.
Алайда бұл мәселенің ең қауіпті тұсы — адам өміріне қатысты. Дәрігерлердің айтуынша, жаңа үй емдеу мекемесінің жарығын ғана емес, жедел жәрдемнің жолын да жауып тастауы мүмкін.
«Мен осы ауруханада жұмыс істеймін. Қарсы беттегі үйлердің өзінен кептеліс көп болады. Енді аурухана мен жолдың арасына көлденең үй салып қойса, нағыз «ақырзаман» сонда болады. Біз пациенттерімізбен, жедел жәрдем көліктерімен бірге көлеңкеде, кептелістің ортасында қаламыз», — дейді аурухана қызметкері.
Кей тұрғындар тұрғын үй кешені бизнес-класс болғандықтан, қарапайым халықтың жағдайы ескерілмей, нарық заңы басты рөл ойнап кеткенін меңзеді.
«Жұрттың бәрі ЛРТ мен «Басқару» ТҮК-ін талқылап жатқанда, Астана құрылыстың келесі деңгейіне өтті: «нүктелі» салудан «нано» салуға көшті. Бұны басқаша атау мүмкін емес. Өйткені жаңа Bayaan ТҮК-і №2 қалалық аурухананың дәл алдына, тротуардың жиегіне тақалып салынып жатыр. Бұл ретте медициналық мекемелердің жанындағы тұрғын үй құрылысына қойылатын санитарлық талаптар мен тұрғын үй құрылысының нормалары мүлдем ескерілмеген. Айта кетейік, кешенді NAK компаниясы салып жатыр, тұрғын үй класы — бизнес+», - деп жазды бір тұрғын.
Сондай-ақ құрылыс жұмыстары емделушілер үшін де ыңғайсыздық тудыруы мүмкін екенін айтады.
«Сол жағалаудағы жалғыз аурухана еді, соның өзін қалқалап тастамақшысыздар. Қалайша қазық қағасыздар?! Операция жасап жатқан дәрігерлерге кедергі болмайды деп ойлайсыздар ма?! Ал пациенттерге ше?! ҰЯТСЫЗДАР!»
Құрылыс басында не болып жатыр?
BAYAAN кешенін «NAK Investments» компаниясы салып жатыр. Олар бұған дейін елордада Asylym, Arai Towers, Mangilik El сияқты танымал нысандарды тұрғызған. Компания бәрі заңды екенін, қолдарында барлық рұқсат қағаздары барын айтады. Компания бүгінде қазандық қазып, жұмысты бастап кеткен. Құрылыс басына ауыр жүк көліктері тынбай кіріп-шығуда. Бұл көліктердің кіріп-шығуын, тұрақ мәселесін қиындата түскен. Жедел жәрдем көліктерінің әзірге бөлек кіру жолы болғанымен, құрылыс аяқталған соң ол жердегі көлік легі емдеу мекемесіне келетін пациенттер үшін үлкен кедергіге айналатыны анық.
Әкімдік не дейді?
Әкімдік өкілдерінің айтуынша, жоба 2024 жылы Бас жоспарға енгізілген. Жер учаскесі «Байқадам 2022» ЖШС-не тиесілі. Жоба мемлекеттік сараптамадан өткен, яғни бәрі заң аясында жүргізіліп жатыр.
Алайда тоғыз қабатты үй бой көтергенде, №2 ауруханаға асыққан жедел жәрдем көліктері «алтын уақытын» кептелісте жоғалтпай ма деген сұрақ жауапсыз қалып отыр.
