Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман қазір халықты бір-біріне сеп болуға, қамқорлық жасап, тәртіп сақтауға шақырды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Алматының іргесінде Жаңалық дейтін ауыл бар. 1937-1938 жылдардағы саяси қуғын-сүргін құрбандарының талайы сол жерде жерленген. Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлиндер... Көп қой құрбан болғандар. Әр жылдың мамыр айының соңғы күні сол жерге барып, құран оқып, ардақты Алаштың арыстарын еске алып, аза тұтушы едік. Енді қазір ел болып, мемлекет, халық болып Аза тұту күнінің үстінде отырмыз. Бір адамға көңіл айтуға бой үйренген ғой. Бүкіл халыққа көңіл айту аса қорқынышты екен», - дейді Жүрсін Ерман.
Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері қазақтың небір аяулы да асыл азаматтары кетіп жатқанын өкінішке еске алды.
«Әр адамның, әр қазақтың өмірі қымбат. Мемлекетіміз бар деп көңілді кеңге салушы едік. Алайда кей қиындыққа дайын емес екен. Әсіресе медицина саласынан мұны көріп отырмыз. Бірақ тілекті жақсылыққа тілеу керек. Бүгін барлық жерде Ту түсіріліп, Құран қатым оқылып, құрбандық шалынып, аза тұтып, бір-бірімізге көңіл айтып жатырмыз. Күн жаманы кетер деуші еді ғой қазақ. Бұл індеттің қашан кететінін қайдан білейік. Маусымда жағдай тұрақталғандай болып еді – қазір мүлде өршіп кетті. Әлеуметтік желіні ашуға, телефон шырылдаса да қандай хабар келіп тұр екен деп қорқып отыратын болдық. Десе де үрейге бой алдырмау керек», - дейді ол.
Жүрсін Ерман бір-бірімізге сеп болып, қамқорлық жасап, қатаң шаралардың бәріне мойынсынып, тәртіп сақтауымыз керектігін жеткізді.
«Қайтыс болған азаматтардың туған-туыстарына, жақындарына қайғырып көңіл айтамыз. Сабыр берсін. Бұл нәубеттен де Алла жар болса шығатын шығармыз. Соған үміттенейік, соған дұға жасайық. Баршамызды жақсы күндерде көрісуге жазсын, Алла Тағала», - деді Жүрсін Ерман.
Айта кетсек, елімізде қалыптасқан ахуалға байланысты халыққа үндеу жасаған ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 13 шілдені – Ұлттық аза тұту күні деп жариялайтыны туралы мәлім еткен болатын. Тиісті өкімге Мемлекет басшысы келесі күні қол қойды.
Қазақстанда коронавирус пандемиясының құрбаны болған азаматтарды еске алуға байланысты бүгін - Жалпыұлттық аза тұту күні.