18 шіл, 2017 сағат 13:43

Жайық қалашығының орны мұражай бола ма?

Мәдени мұраларды зерттеу және қорғау – Қазақстан Республикасы мен ТМД елдерінің әлеуметтік-экономикалық және мәдени даму барысындағы бірден-бір басым бағыт.

Мәдени мұра – рухани, мәдени, экономикалық және әлеуметтік капиталдың құндылығы. Оны жан-жақты зерттеу, насихаттау, антропогендік, техногендік араласу және табиғи күйзеліс салдарынан қауіп-қатерге ұшыратпау – маңызды ғылыми мәселелердің бірі. Батыс Қазақстан облысы аумағында табылған барлық ескерткіштердің сақталуы, сонымен қатар белгілі ескерткіштерден мұражай қорықтар немесе археологиялық саябақтардан мұражай кешен құру мәселесі әрқашан мамандардың назарында тұр.

Бүгінгі әңгіме – Ақ Жайық өңіріндегі аса маңызды археологиялық ескерткіш – ортағасырлық Жайық қаласы туралы болмақ.

Жайық қаласы XIII-XIV ғасырларға даталанған, қазба жұмыстары барысында шығыс моншасы – хамам, кірпіш күйдіргіш пеш, 3 тұрғын мекені, 2 кесене және басқа да құрылыстар табылған.

Жайық қалашығы - ортағасырлық ескерткіштердің тек біреуі ғана. Аймақта қоныстар мен қалалардың кең таралуы Алтын Орда кезеңімен, сонымен қатар Өзбек, Жәнібек хандарының қала құрылысы қызметімен байланысты. Соңғы жылдары Батыс Қазақстан облысы аумағында БҚО тарих және археология орталығы археологтарының жұмысының нәтижесінде 4 қала қонысы табылған.

Орта ғасырларда қазіргі Батыс Қазақстан облысының аумағы Алтын Орда мен Ақ Орда құрамына кірген. Аталған мемлекеттердің тұрақты дамуы негізінде сауда-саттық, экономикалық және саяси байланыстар қарқынды дамыған. Нәтижесінде мұнда көптеген қалалар пайда болды. Орал археологтарының жақында ашқан жаңалықтары қала қонысындағы сауда-саттық қеруенінің болғандығын растайды. Әдеттегідей бұл қалалардың географиялық орналасқан жері тиімді. Атап өтсек, ХІІІ-ХІV ғасырларға жататын Жайық қаласы Жайық өзенінің жағасында орналасқан. Алтын Орда дәуірінде өркендеген Сорайдын, Жалпақтал, Сары Өзен қоныстары облыстың орталық бөліктеріндегі Қараөзен (Үлкен өзен) және Сарыөзен (Кіші өзен) қиылыстарында орналасқан. Бұл қоныстардың архитектуралық және құрылыс шеберліктің деңгейі, стиль ерекшеліктері сол кездегі Оңтүстік Қазақстан қалаларымен теңдес. Аталған мемлекеттердің ыдырауы мен өзара соғыстарының өсуі салдарынан экономикалық құлдырау басып, нәтижесінде қалалардың жойылуына әкеліп соқтырды.

Археологиялық қазбалар ақпаратқа толы және көне тарихтың маңызды дереккөзі болып табылады. Сондықтан да археологиялық ескерткіштерді қайта құру және қалпына келтіру өте маңызды. Осы деңгейде тұрғын үй, киім-кешек және басқа да артефакттарды қалпына келтіру өте маңызды.

Ашық аспан астында мұражай құру көп еңбектенуді талап ететін зерттеудің қорытынды кезені.

Болашақ мұражай кешенін археология, этнография және тарихи-мәдени құндылықтарды қорғау және пайдалану саласындағы ғылыми іздеу жұмыстарын дамыту базасы ретінде қарастыруға болады. Жайық қалашығын мұражайландыру ғалымдарға мәдени мұра объектілерін нақты баяндауға жол ашады.

Мұражайдың ашылуы аймақтағы туристік инфрақұрылымның дамуына септігін тигізіп, сонымен қатар мәдени және табиғи мұраларды қорғауға жағдай жасайды. Мұражай ескерткіштерінде қайта құру жұмыстары жүргізіліп, шетел мамандары тартылуымен жазғы мұражайшылар, археологтар, этнографтар мектебі жұмыс жасамақ.

Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде болашақ «Жайык» қалашығы мұражайының макеті ұсынылған.

Қалашықты мұражайландыру барысында мәдени ландшафт пен сыртқы бөлігін қайта құру ғана емес, тұрғын үйлердің ішкі бөлігін, кесенелерді, шеберханаларды қайта құру карастырылған. Мұражай ортағасырлық құрылыстардан бөлек орта темір кезеңіне жататын қалпына келтірілген қорғандар мен этнографиялық нысандармен толықпақ.

Мұражай кешенінің ашылуы келушілердің көне және орта ғасырларда өмір сүрген халықтың күнделікті өмірі мен тұрмысын көз алдына келтіреді. Келушілер өз көздерімен бұрынғы заманда керамиканың қалай жасалғанын көріп ғана қоймай, қолөнер үрдісіне қатыса алады.

Әлемдік мәдениетте ашық аспан астында мұражай кешендерді құрудың үлкен тәжірибесі жинақталған. Атап айтсақ, Дюппель қаласындағы (Германия) ортағасырлық ауылдың мұражайландыруы, Отырар қалашығы (Қазақстан), Силла кезеңінің қорғаны (Оңтүстік Корея), Арқайым (Ресей) және т.б. Қазақстан Республикасы территориясында ашық аспан астындағы мұражайлар жетерлік. Бірақ Батыс Қазақстан облысы аумағында мұндай мұражай осы кезге дейін болған емес. Мәселенің жаңашылығы әртүрлі кезеңге жататын ескерткіштерді қалпына келтіру ғана емес, көне шеберхана, заттардың жасалу технологиясын, Батыс Қазақстан облысындағы көне тұрғындырдардың сыртқы бейнесін қайта жаңғыртылу болып табылады.

Мұхтар ӨТЕС,

Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану мұражайының қор сақтаушысы