21 қыр, 2024 сағат 14:36

Экспедиция көне Таразға жетті



Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейі Жошы Ұлысының 800 жылдығына арналған «Талас-Ұлытау-Сарайшық» атты республикалық тарихи-этнографиялық экспедицияны ұйымдастырды. Кеше бір топ тарихшы-ғалым, экспедиция қатысушылары жолға шығып, Таразға жетті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".


«Экспедиция маршруты бойынша Жамбыл, Ұлытау, Қызылорда, Ақтөбе, Түркістан және Атырау облыстарының археологиялық, архитектуралық ескерткіштерін толық көлемде зерделеу Жошы Ұлысы мен Алтын Орда дәуіріндегі Қазақстан тарихын зерттеуге жан-жақты қарауға мүмкіндік береді», — дейді облыстық облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Жұмакенов.


Экспедиция құрамында еліміздегі тарихшы-ғалымдардан бөлек бауырлас Түркия елінен келген археолог Чобан Акайал, этнолог, М.Аммосов атындағы Солтүстік-Шығыс федералды университетінің магистранты, Алтын Орда тарихын зерттеуші, тарихшы, Ресей Федерациясынан келген Саина Михайлова секілді алыс жақын шет елден келген тарихшылар бар. Бұл дегеніміз экспедицияның кең ауқымын көрсетеді.


«Экспедиция барысында Жошы Ұлысының тарихымен байланысты археологиялық, архитектуралық, мемориалдық нысандардың қазіргі жағдайына бақылау жүргізіледі, туристік бағытты арттыру бойынша ұсыныстар әзірленеді, фото, бейне, аудио форматта танымдық ақпараттық өнімдер дайындалады. Ғалымдар, тарихшылар мен мамандардың сұхбаты негізінде деректі фильм түсіріліп, халыққа ұсынылады», — дейді облыстық тарихи-өлкетану музейінің басшысы Ержан Нұрмағанбетов.


Жошы Ұлысының 800 жылдығына арналған «Талас-Ұлытау-Сарайшық» республикалық тарихи-этнографиялық экспедициялық көші 20 қыркүйек – 1 қазан аралығында жолда болады.


Экспедиция бүгін «Тектұрмас» Этно-тарихи кешені, Ежелгі Тараз әлемі қалашығы, Қарахан кесенесі, Жәнібек-Керей хандарының ескерткіші, Айша бибі кесенесіне барады.