Фото: Gov.kz
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылы Қазақстанның курорттық аймақтарындағы демалыс орындары 4,8 млн адамға қызмет көрсеткен. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 11,5%-ға көп (4,3 млн). Туристердің 17,3%-ын шетелдік азаматтар құрайды, деп хабарлайды Ult.kz.
Ең көп келуші Алматы тау кластері аймағында тіркелді – 2,9 млн адам. Екінші орында Щучинск-Бурабай курорт аймағы, мұнда 463,1 мың адам демалған. Үшінші орында Маңғыстау курорт аймағы – 370,1 мың келуші.
Үздік бестікке сондай-ақ Балқаш туристік аймағы (182,9 мың адам) мен Алакөл курорт аймағы (149,1 мың адам) кірді.
2025 жылдың қаңтар-желтоқсан айлары аралығында курорттық аймақтардағы орналастыру орындары 198,5 млрд теңгеге қызмет көрсеткен.
Жалпы елімізде демалушыларды қабылдайтын 1856 орналастыру нысаны тіркелген.
