11 қар, 2024 сағат 18:38

Қазақстан туристерді қандай жерлерімен таңғалдырады?

Фото: liter.kz

Бұған дейін туристер үшін Қазақстан ең қызықты елдер қатарына енгені туралы хабарлаған едік. Еліміздің тартымды да табиғаты сұлу елді мекендерін шетелдің азаматтары тамсана тамашалайтыны белгілі. Бірақ, Қазақстанды көрмеген туристерді еліміз қандай жерлерімен қызықтыра алады? Ел аумағында қандай туристік жерлер бар? 

Қазақстандағы ең танымал жерлер

Еліміздің аумағында орналасқан туристік жерлер өте көп. Олардың қатары күн санап артып келеді. Дегенмен елімізге туристер ең көп келетін орындарды атап өткен жөн.

Бурабай - Қазақстанның Швейцариясы деп аталады. Туристер Бурабайдың табиғаты мен шипажайлары, таулы аймақта орналасқан спорттық ойын-сауық орталықтарына қызығып көп келеді. Бурабайдың басты ерекшелігі нулы ормандары мен көлдерінде. «Бурабай» ұлттық паркінде 14 көл, соның ішінде Бурабай өзені орналасқан. Ал туристердің ең сүйікті жеріне айналған “Оқжетпес” жартасы Бурабайдың ең көрікті жерлерінің бірі.

Қатон-Қарағай ұлттық саябағы - еліміздің ең үлкен ұлттық саябағы болумен қатар табиғаты ең тартымды елдімекендердің бірі. Басты ерекшелігі бұл аумақта 80 метр биіктіктен құлайтын Көккөл мен Рахман қайнар бұлағы орналасқан. Одан бөлек Қатон-Қарағайда келушілерді тамсандыратын Язевое, Мұзтау, Қара Берел және Берел қорымдары орналасқан. Қатон-Қарағай ұлттын саябағының аумағында Қазақстанның қызыл кітабына енген флора мен фауналар көп кездеседі. Қазіргі таңда ұлттық саябақ аумағында жаяу, паром, ат және көлік туризмі дамыған.

Фото:stan.kz

Шарын шатқалы - ең көне тарихы және тылсымға толы табиғатымен ерекшеленеді. Табиғи саябақ Алматы облысынан күншығысқа қарай 195 шақырымдай алыста орналасқан. 154 шақырымды алып жатқан Шарын шатқалы АҚШ тың Үлкен шатқалына бәсекелес. Қазіргі таңда бұл аумаққа келушілер саны артқан. Өйткені, мұнда мистикаға толы қызықты жерлер мен кәрі ағаштардың қайталанбас бейнелері көрген жанды өзіне қаратады.

Қайыңды көл - бұл еліміздің аумағында орналасқан ең әсем көлдердің бірі. Күнгей Алатауда орналасқан көлдің басты ерекшелігі суының өте салқындығы. Ал, көлдің өзі осыдан жүз жылдай бұрын жер сілкінісі кезінде пайда болыпты. Қазіргі таңда бұл аймақ туристердің көп келмейтін жері болса да жақын болашақта шетелдіктердің қызығушылығы артатыны сөзсіз. Өйткені, көлдің табиғаты мен орналасқан жері әлемнің көптеген елінде кездеспейді.

Меркі - Республикамыздың табиғаты әсем жерлерінің бірі. Бұл жерге туристер тек табиғаты үшін емес, емдік қасиеті мен тарихи ескерткіштерін аралауға да көп келеді. 

Еліміздің табиғаты әсем орындары мен ұлттық саябақтары туралы айтылғанда тарихи мұрасы мен ескерткіштерін, киелі жерлері мен бұрынғы заманның архитектуралық ерекшеліктерін айтпау мүмкін емес. Қазіргі таңда көптеген туристер Қазақстан аумағына тарихи құндылықтарды тамашалап, оның өзіндік ерекшеліктеріне көз жеткізу үшін келеді. Мысалы:

Бекет ата жерасты мешіттері - еліміздің аумағындағы ең көне жәдігерлік нысандарының бірі. Маңғыстау туралы айтылғанда ең әуелі Бекет ата жерасты мешіттері көз алдымызға келеді. Ақбор тасты тау шатқалдарынан ойып салынған мешіттің басты ерекшелігі келген жандарға ерекше энергия силауында. Мұны келген туристерде өз әсерлерімен бөлісіп жеткізуде.

Фото:Zakon.kz

Арыстан баб - кесенесі қазіргі таңда туристер ең көп келетін аумақтардың бірі. Түркістан облысында орналасқан кесененің өзіндік тарихы бар. Туристер бұл аумаққа жиі келіп, зияраттайды. Сәулет өнерінің ерекше жетістігі ретінде қаралатын кесене ұлы қолбасшы Әмір Темірдің бұйрығымен салынған. 

Қожа Ахмет Ясауи кесенесі - еліміздің оңтүстігінде орналасқан “Екінші Мекке” аталып кеткен тарихи мұраға еліміздің ішкі туристерімен қатар шетелдік келушілер де көп. Бүгінгі таңда Қожа Ахмет Яссауи кесенесі Орталық Азиядығы ұлттар үшін ең киелі жер болып саналады.

Фото: kazgazeta.kz

Бүгінгі таңда Қазақстанда сити туризмі де басты назарда бұл тұрғыдан Алматы мен Астана көш бастап тұр. Келушілер Елорда мен мегаполис Алматының инфрақұрылымына қызығушылық танытуда. Бұл туралы IUTH Университеті, “Туризм” мектебінің аға оқытушысы Нұржан Әбдіразақов  ULT.KZ тілшісіне берген сұхбатында айтқан еді.

«Қазақстанға туристер әсем табиғаты мен инфрақұрылымның дұрыс жүйеленгені, зәулім ғимараттардың архитектурасындағы мінсіз жобалары мен тарихи кесенелердің қазіргі күнге дейін сақталғанына қызығып, тамашалау үшін келеді. Одан бөлек туристік сала ел экономикасына, қосымша жұмыс орындарының ашылуы мен еліміздің азаматтарының әл-ауқатының жақсаруына да едауір оң әсерін береді», -дейді маман.


Айта кетейік, былтыр Қазақстандағы туризмді дамытудың 2023 - 2029 жылдарға арналған бағдарламасы қабылданған. Ол бағдарлама бойынша 2029 жылы келесі нәтижелерге қол жеткізу күтілуде: Ішкі туристер санын 11 млн адамға дейін, ал келуші туристер санын 4 млн адамға дейін ұлғайту, сондай-ақ қонақ үйлерді "eQonaq" ақпараттық жүйесімен қамтуды 100 % - ға дейін  ал саяхат және туризмді дамытудың жаһандық индексі бойынша ДЭФ рейтингінде 50 орынға жету көзделген.

Ал әлемде пандемияға дейін туризм әлемдік жиынтық өнімнің шамамен 10%-ын, қызметтердің әлемдік экспортының 30%-ын, әлемдік инвестициялардың 7%-ын, жұмыс орындарының 10%-ын және барлық салық түсімдерінің 5%-ын құрады.


Бекболат МҰХТАР