04 жел, 2025 сағат 12:06

Қазақстандағы жаңа туристік бағыт – Коробиха ауылы

Фото: Kazakh Tourism

Шығыс Қазақстандағы Коробиха ауылы еліміздің жаңа туристік тартылыс орталықтарының біріне айналып келеді, деп хабарлайды Ult.kz.

2024 жылы бұл көрікті елді мекенді 2,5 мыңға жуық турист таңдап, Жаңа Зеландия, АҚШ, Франция, БАӘ және Оңтүстік Кореядан келген қонақтарды қабылдаған.

Катонқарағай ұлттық паркінің аумағында орналасқан Коробиха бүгінде саяхатшыларға 170-тен астам бөлме ұсына алатын 11 қонақүй мен үй-жайлары бар. Көптеген меймандар мұнда орташа есеппен 2–3 күнге аялдап, табиғатпен етене араласып, этнографиялық және гастрономиялық бағыттарды тамашалайды.

Фото: Kazakh Tourism

Ауыл жыл он екі ай турист қабылдайды:
• қыста – орман арасындағы тыныш серуендер;
• көктем мен жазда – Бұқтырма өзенінде жүзу, атқа мініп серуендеу, балық аулау;
• маусым кезінде – омарта шаруашылығына экскурсиялар мен бал өндіру процесін көру мүмкіндігі бар.

Коробиханың мәдени мұрасы да назар аударарлық: мұнда ара шаруашылығы мұражайы, өлкетану мұражайы және қалпына келтірілген көне шіркеу жұмыс істейді. Қонақтарға үй тағамдарынан дәм тату, қыш құмыралармен және қолжазба кітаптармен танысу, сондай-ақ дәстүрлі қолөнер түрлерін көру ұсынылады.

Саяхатшылар қатары жыл сайын артып келе жатқан Коробиха Қазақстанның туристік картасында танымал жаңа бағытқа айналды.