25 мау, 2024 сағат 18:30

Жастардың репродуктивті денсаулығы - ұлт болашағы

Фото: ашық дереккөзден

Халықтың репродуктивті денсаулығын қорғау – мемлекетіміздің денсаулық сақтау саласындағы басты бағыттардың бірі, деп отыр мамандар.

Қазіргі таңда Қазақстанда 20 млн-нан астам халық тұрса, оның 10 млн-нан астамы әйелдер, 4 млн-нан астам фертильді жастағы әйелдер және 6 млн-нан астам балалар. 15-17 жастағы жасөспірімдер саны 987 450 (қыздар-477 378, ұлдар -501 072) болса, жасөспірімдер арасындағы ерте жыныстық қатынас 16,5 жасты құрайды. 

Мамандардың айтуы бойынша соңғы 5 жылда жасөспірімдер арасында босану саны 37%-ға төмендеді және түсік жасау үлесі 36%-ға төмендеді. Жалпы алғанда, 15 жастан 18 жасқа дейінгі жүкті қыздар саны 41%-ға азайыпты.   
Сонымен қатар, халықтың репродуктивті мінез-құлқын зерттеу нәтижесі бойынша, жасөспірімдердің контрацепциямен қамтылуы төмен, яғни 30%-ы құраған.

"Мемлекет тарапынан халықтың денсаулығын сақтау саласына қомағай қаржыландыру, материалдық жабдықтау бойынша үнемі қолдау көрсетілуде. Сонымен қатар ана мен баланың құқығын қорғау, әлеуметтік және денсаулық жағдайын жасау туралы түрлі қорлар, кеңестер мен қоғамдық ұйымдар жұмыс істеуде. Халықаралық ұйымдар тарапынан да үнемі практикалық қолдау көрсетіледі. Осыған қарамастан, жасөспірімдер арасында босану мен түсік жасату, жыныстық жолмен берілетін инфекциялар, ана мен бала өлімі фактілері орын алуда. Сондықтан бұл сала әлеуметтік көмекті қажет ететін ең өзекті мәселеге айналды", -деп отыр ҚР Парламент Сенаты депутаты, ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі Ләззат Қалтаева.


Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жыл сайын бүкіл әлемде 15-19 жас аралығындағы 12 млн. қыз бала ана атанатын болса, оның 777 мыңы - 15 жасқа дейінгі жасөспірім екенін мәлімдеп отыр.

"Жыныстық қатынастың ерте басталуы осы саладағы білімнің төмендігімен, контрацепцияның құралдары мен әдістері туралы нашар білумен және оларды жеткіліксіз қолданумен бірге жасөспірімдерде жүктіліктің өсуіне, түсік жасатудың көбеюіне және жасөспірімдердің репродуктивті денсаулығының нашарлауына әкеледі. Сонымен қатар, жасөспірімдердің жасы неғұрлым жас болса, соғұрлым олар түсік жасатады. Қыздар мен жасөспірімдердің репродуктивті функциясы мен соматикалық денсаулығының бұзылуы бала тууға және болашақта ана мен нәресте өлімінің коэффициенттеріне тікелей әсер етеді.Өкінішке орай, Қазақстанда түсік түсіру әлі де бала тууды реттеудің кең таралған тәжірибесі болып табылады", -дейді Ләззат Жаңылысқызы.


Маманның сөзінше, аборттың негізгі себептері — жыныстық зорлық-зомбылықтан болған жүктілік, серіктестің балалы болғысы келмеуі, ажырасу, жұмысынан айырылу, сондай-ақ әйелдердің репродуктивті денсаулықты сақтау үшін ақпараттылығы мен ортақ жауапкершілігінің төмендігі.

Репродуктивті денсаулыққа әсер ететін факторлар:өмір салты, яғни созылмалы стресс, физикалық белсенділіктің төмендігі, бей-берекет жыныстық қатынас; жаман әдеттер (алкогольге тәуелділік), сусындар, темекі шегу және экология, табиғи ортаның ластануы мен әлеуметтік орта, яғни төмен күнкөріс деңгейі, жұмыссыздық екен.