Фото: tolqyn.kz
«Ат – ер қанаты» дейді халқымыз. Ал жүйрік тұлпар қашанда батырдың серігі бола білген. Сол қылқұйрықтының қытығын басып, қолға үйрету, яғни асауды жуасыту да үлкен ептілікті, жүректі, жігіттікті талап етіді. Қысқасы, аттың құлағында ойнаған қазақ үшін асау үйрету – жай ғана кәсіп емес, ол – рухтың тәрбиесі, мінездің мектебі, ерлікке бастар жолдың бірі. Бұл өнер – батырлықтың бір түрі.Ата-бабамыз ертеде-ақ жүйрігі мен тұлпарын баптап, жауға шапқанда серік, бейбіт күндегі берекем деп таныған. Мәселен, Қобыланды батыр жырында батыр Тайбурылын үш жыл баптап, бәйгеге қосқан. Асауды үйрету – тек шідер салу, ноқта кигізу емес, оның мінезін тану, сезімін ұғу, сабырмен шыңдау.
Жаугершілік заманда екінің бірінің қолынан келетін бұл көне өнердің бүгінде тасада қалып бара жатқаны өкінішті. Ауылда жылқы болғанымен «асаумын» дейтін құлынның сирегені өзекке ұрады. Себебі қазіргі мал қолдан азықтанып, еркін жайылымнан алыстап кетті. Ал бұрынғыдай асаумен алысып, тақымын бекемдейтін бала да азайған. Бұл – тек дәстүрдің емес, ұлттық мінездің де жоғалуы шығар.
Мұндай ойды бізге елімізге белгілі этнограф, танымал журналист Бекен Қайратұлы қынжыла айтып берді.
«Жылқы – мінездің айнасы. Асау үйрету – қазақтың рухани тәрбиесінің бір қыры, тірі философиясы. Әсілінде малдың бәрі үйретіледі: сиырды арбаға жегеді, түйені жүкке үйретеді. Бірақ жылқыны үйрету – ең күрделі, ең нәзік шаруа. Себебі оны тек міну үшін ғана емес, жорыққа, сайысқа, шабысқа, тіпті, серіктестікке тәрбиелейді.
Жылқыны үйрету желіге құлын байлаудан басталады. Желідегі жаттық – асаулықтың басылуына алғашқы қадам. Қарапайым мініс жылқыларын тай кезінде үйретсе, бәйгеге, жорыққа жарайтын тұлпарларды құнан, дөнен шағында баптап өсіреді. Себебі тұлпардың жілігінің толысуы, жүрегінің жасымай, рухы сынбауы керек», – дейді этнограф.
1930 жылдары академик Әлкей Марғұлан Қызылжар өңірін аралап жүріп, асау үйреткен 12 жастағы бала туралы жазып кеткен. Ол бала таңғы салқынмен арқанға байланған құлынды сабырмен жуасытып, бір аптада мініске жаратыпты. Бұл – баланың емес, елдің тәрбиесі еді.
Жазушы Сайын Мұратбековтың «Асау үйреткен күн» әңгімесінде де бала Қанаттың алғаш рет асауға мінуі – үлкен белес. Ішкі қорқынышын жеңіп, еркіндікке ұмтылған сәттері арқылы ол нағыз ержүректікке аяқ басады. Әңгіме баланың жан дүниесіндегі өзгерісті көрсетіп қана қоймай, бұл істің терең мағынасын ашады.
Бекен Қайратұлының айтуынша, нағыз тұлпардың белгілері құлын кезінен-ақ байқалады. Момын құлындар жата қалады, ал батырға бұйыратын, ерге серік болатын асаулар тыпыршып, жер тарпып тұрады. Олар мойынсұнбайды. Мойнын қиғызбай, бұйрықты тыңдамай, мінез көрсетеді. Міне, сондықтан асау үйрету – нағыз ілім.
«Асауды үркітпеу керек. Жас баланы тәрбиелегендей төзім, мейірім, ұстам керек. Қамшымен бас салу емес, жүрекпен жеңу маңызды. Асауды шошытсаң, ол қайтып илікпейді. Мұхтар Әуезов бір әңгімесінде айтқандай, «шелектен шошынған жылқы секілді – мәңгі көнбей кетеді». Сондықтан асау үйрететін адам – ақылды, сабырлы, мінезі орнықты жан болуы керек. Ол жылқыны үркітпей, басын түсіріп, жанына сенімділік ұялатуы тиіс. Сонда ғана үйретілген тұлпар ертең серігіне адал, жұмсақ, тілалғыш, сергек келеді», – дейді Б.Қайратұлы.
Жалпы, жылқы тек мініс малы ғана емес. Ол – ұлттың мінезі, тектілігі, намысы. «Жылқы мінезді қазақ» деген сөздің астарында осы рух жатыр. «Аттың сыры иесіне мәлім» дегендей, қазақ жылқыны танып қана қоймай, оны өз болмысына балаған.
Қазір бізге асау үйрететін емес, асауын ұмытпаған ұрпақ керек. Асауды үйрету – сыртқы күшті емес, ішкі сабыр мен ақылдың жеңісі. Сондықтан бұл өнер – бүгінгі балаға да, ертеңгі елге де керек.
«Жылқы неғұрлым асау болса, соғұрлым оның үйірі сапалы болады. Мустангтердің қозғалысын көз алдыңа елестетші – еркін, екпінді, әсем. Асау – табиғаттағы бостандықтың сұлу символы. Ал бізде қалай? Осыдан алты-жеті жыл бұрын асау үйретуден республикалық жарыс өткіздік. Бірақ елімізден бір де бір асау үйретуші табылмады. Амал жоқ Моңғолиядан жеті адам алдырды. Одан қалса, Қорғалжын даласындағы бес мың жылқының ішінен бір асау табылмады. Неге? Өйткені жылқы қолдан жем жеп, мінезі жойылып барады», – деген этнограф журналист асаудың жойылуын мінездің жойылуына балайды.
Айтуынша, бұл – қоғамның көрінісі. Қазақтың өзі ішкі асаулығын жоғалтып алған.
«Біздің асаулар мөңки алмайды, қуа алмайды, жүрек жоқ. Жылқының асаулығы халықтың рухымен бірге жүреді. Халық жуасып бара жатса, жылқы да жуасиды. Былайша айтқанда, айдағанға жүретін, айтқанға көнетін елге айналып бара жатқан сияқтымыз», – дейді Бекен Қайратұлы.
Оның айтуынша, жылқының да мәдениеті бар: табындасу, үйірлесу, топтасу, сайысу... деп кете береді.
«Осы мәдениет жоғалып барады. Қысқасы жылқы – қоғамның айнасы. Бірақ бүгінгі жылқы – бүгінгі қоғамның көлеңкесі іспетті.
Сондықтан асау үйрету – тек атқа міну емес. Бұл – мінез қайыру, рухты тірілту, ұлттың бойындағы бұйығы отты қайта жағу. Жақсы үйретілген жылқы қандай болса, дұрыс тәрбиеленген ұрпақ та сондай – сергек, есті, сабырлы әрі еліне адал келеді», – дейді Б.Қайратұлы.
Жасұлан Бақытбек