Фото: calltouch.ru
Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжанов ТикТоктағы әдепке, ұлттық құндылықтарға, дәстүріміз бен салтымызға қайшы келетін, балалардың санасын улайтын, теріс әдеттерге шақыратын барлық контентке шектеу қоюды және кәмелеттік жасқа толмаған балалардың пайдалануына шектеу немесе мүлдем тыйым салудыұсынды, деп хабарлайды Ult.kz.
Депутат әріптесі Ерлан Сайыров пен сенатор Нұртөре Жүсіп көтерген мәселе елеусіз қалғанын айта келе:
"Сөз жоқ, қазір – ақпараттық ғасыр. Әлеуметтік желілер өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Пайдалы жағы да жоқ емес. Алайда, ұлттық тәрбие мен дәстүр-салтымыздың уықтарын талқандап, ақыл тоқтатпаған, жақсы мен жаманды әлі толық ажыратып үлгірмеген балалар мен жасөспірімдерді меңдуана жегендей меңіреу әлемге бастап бара жатқан жағдайдың алдын алмасақ опық жейміз", -дейді Ж. Әшімжанов.
Оның сөзінше ТикТок-қа соңғы екі жылда 14,1 млн. қазақстандық тіркеліпті. "Бұл желінің негізгі тұтынушылары да – сол бесіктен белі шықпаған балалар мен жастар. Онда пайдалы контенттен гөрі, жастарға теріс әсер ететін зиянды ақпараттар өріп жүр" дейді депутат.
"Құмар ойындарды жарнамалау, стримдер арқылы әдепсіз әрекеттер көрсету, боқауыз сөздер, порнография, суицидке шақыру, діни уағыздардың оңды-солды таралуы, буллинг, тыйым салынған заттардың жарнамасы секілді теріс әрекеттерге шақыратын лас ақпараттар осы ТикТок арқылы таралуда. Жасөспірімдердің ТикТоктан көргенін қайталап, жағымсыз қылық пен әдепсіз іске үйір болып бара жатқаны да жасырын емес. Мәселен, «Мысық серуені» деп аталатын челленджді мыңдаған жас қайталаса, оған қатысушылар подиум моделіндей көшеде өтіп бара жатқан адамдардың алдында жүруі тиіс. Мән-мағынасы жоқ челлендждің қаралымы 500 миллионнан асқан. Екі жастың біріне келмеген қыздарымызды бөксемен билеуге шақырып, арнайы үйрену үлгілерін ұсынып жатқан контенттер саңырауқұлақтай қаптады", -деп отыр ол.
Қазіргі таңда ұрпақ тәрбиесімен тікелей әлеуметтік желілер айналысып жатқанын айтып алаңдаушылық білдірген депутат ұлттық құндылықпен сусындамаған жас ұрпақ өсіп келеді дейді.
Жанарбек Әшімжановтың айтуынша осыны ескеріп әлем елдері мұның одан әрі етек алуына жол бермеу мақсатында Тик-Токқа шектеу қою немесе ондағы контентке бақылауды күшейтуді қолға алуда. Мәселен, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан елдері ТикТок желісіне ішінара немесе толық шектеу қойды. Ал, Франция үкіметі жасөспірімдердің интернетке қолжетімділігін заңнамалық деңгейде реттеді. Австралия 16 жасқа дейінгі балаларға қолдануды заңмен шектеді. Осы жоғарыда аталған елдердің бір білгені бар шығар... Еуропалық Одақ, Канада, Ұлыбритания, Жаңа Зеландияда балалар қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылыққа байланысты 2023 жылы шешім қабылдап үлгерген. Керек десеңіз, TikTok-тың атасы саналатын Қытайдың өзінде бұл платформа қолжетімді емес.
"Біз де жеделдетіп ТикТок-қа шектеу қою мәселесін қарастырғанымыз жөн. Өйткені, ТикТокты шамадан тыс қолданудың психологиялық әлеуметтік және академиялық салдары, баланың санасы мен денсаулығына кері әсері аз емес. Тіпті, офтальмолог дәрігерлер телефонға телмірген балалардың арасында кейінгі бес жылда көз аурулары күрт көбейіп кеткенін айтады. Сондықтан ұрпағымызды ТикТоктан келер азғындықтан арашалап қалу үшін осы мәселені тағы көтеруімізге тура келіп отыр", -дейді депутат Жанарбек Әшімжанов.