18 нау, 2025 сағат 11:24

Той мәдениетін қайтсек қалыптастырамыз?

Фото: ашық дереккөз
«Той – қазақтың қазынасы» дейміз. Бірақ соңғы жылдары осы қазынамыздың қадірін қашырып, сыйқын кетіріп жүрміз. Бұның бәрі сол баяғы дарақылық, көпке ілесіп, көштен қалмау дейтін жалған намыстың салдары. Арзан күлкіге құмар асабалар бүгінде тойды шоуға айналдырып, әзіл мен сықаққа толтырамыз деп тойдың берекесін кетірді. Жуырда жамбылдық зиялы қауым өкілдері қазақтың тойына қатысты тың ой ұсынып, қазақ қоғамына ортақ мәдениет қалыптастыру жөнінде үндеу тастады, деп хабарлайды Ult.kz.

 Осы идеяны алғаш ұсынып, мәселенің өзектілігін жеткізген Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасына қарасты Шерхан Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орталығының директоры Жасұлан Әбдіманаппен сұхбат құрып, осы олқылықтың орнын қайтсек толтырамыз деген төңіректегі сауалдарымызға жауап алдық. 

– Жасұлан Лесбекұлы, жасыратыны жоқ, бүгінде ел ішінде той көбейген. Кейбіреулерге бір айда, тіпті бір аптада бірнеше тойға шақыру келетін болған. Мәселе, бұда емес, әрине. Басты түйткіл тойдың мәдениетінде, той жүргізу әдебінің сын көтермейтін сапасында болып тұр.

– Күлдіре білу – өнер, күліп жүру – өмір, күлкі болу – өлім. Қазіргі қазақтың, оның ішінде қарапайым қазақтың қынжыла айтатыны тойдың көптігі. «Құдай тойдан айырмасын» дейтін қазақ «Құдай тойға шақырмасын» дейтін деңгейге түстік. Өкінішті һәм түсініксіз. Барлық тойда мәз-мейрам тілек айтып, той бітпесін дейміз тағы. Ал сыртқа шыға сала «ой, бәле болды, күнде шақыру, күнде той» деген қарғыс. «Бар айлығым тойға кетіп жатыр, кредит алып келдік» деп зар илейтін де өзіміз. Тойып алып тәлтіректеген кемпірді де, шпагатқа отырған шалды да көрдік, күлдік. Сарқыт ұрлаған, жалаңаш жорғалаған, шапалақ сұраған асабаларға тіпті таң қалмайтын болдық. Қалыпты жағдай деп жүргенде қойға шапан жауып, кәрі қатынды таққа отырғызып, ит пен мысықтың некесін қия бастадық.

Енді не ойлап табамыз? Тәйт дейтін қария қалмады ма, қарияны тыңдайтын бала-шаға қалмады ма, дарақылық, даңғазалық, ысырапшылық, сайып келгенде топастықтың неше түрін көрсетіп жатырмыз. Қорытындысында қазақ өзін-өзі мазаққа айналдыратын ең оңай жол тауып алды. 

– Осындай сорақылықты қайтсек жолға қоямыз? Осылай кете береміз бе? 

– Иә, не істемек керек?! Бұл сұрақ қоғамды тұтас ойландыруы тиіс еді. Бірақ олай болмай тұр. Әрине, той – әркімнің, әр әулеттің жеке қуанышы, отбасылық мерекесі! Өзі біледі, өзі өткізеді. Осы өзімбілермендік орға жығып, оңбай опық жеп қалмаймыз ба? Тым болмаса анау балағыңа шалынып, ресторанның ішінде шұбырып жүрген бүлдіршіндерді аяған жөн шығар. Не үлгі, не өнеге беріп жатырмыз оларға?

Аузымызды көпіртіп тост сөйлеп, төрт сағат терлеп билегеніміз болмаса бүгінгі қазақтың тойы тағылым мен тәрбие, әдет пен ғұрыптан әлдеқашан алыстап кеткен. Бірақ бәрі бұлай емес. Рухың көтеріліп, риясыз риза болып, есті сөз естіп елітіп, бірлігің мен тірлігіңді айтып, қуаныш иесіне қосыла шаттанып қайтатын тойлар бар. Алайда өте аз. Енді осы азшылықтың санын тым болмаса екі еселесек деген ниетпен Әулиеатаның ақсақал, зиялысы, ардагерлері, асабалары, әкімдігі қосылып үндеу жолдап отыр. Бұл үндеуді оқығандар әр түрлі пікірде болса да, түсінігі барлардың, танымы кеңдердің, көзқарасы бірлердің қуанатын жері осы деп ойлаймын.

– Жалпы, қоғамға үндеу тастау, жастарға ақыл айту жақсы, әрине. Дегенмен айтылған сөз сол жерде қалмас үшін сол үндеуге қозғау салар бір тетігі, жұмысты жүргізер жүйесі түзілу керек шығар...

– Бұл бетімен кеткен асабаларға тәйт дейтін, той өткізу тәртібін түсіндіретін, сыналап болса да заманауи тойға салт-дәстүр енгізетін, ысырапшылдықты азайтуға үндейтін, Шерхан Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орталығы ішінен «Әдет-Ғұрып, Салт-Дәстүр» бөлімін ашуды ұйғардық. «Енесі тепкен құлынның еті ауырмайды» дегендей мына лағып кеткен асабаларды ортаға салатын, бір күндік ақша үшін мың жылдық дәстүрін мазаққа айналдырған әпербақандарға «әйт» дей алатын аузында аталы сөзі бар, мәдени мінезі бір беткей «Әулиеатаның» белді асабаларынан құралған одақ құрсақ деген ниетіміз бар.

– Сол тойдағы ас мәзірі де тым ысырапшыл болып кеткен дейтіндер көп. Бұған не дейсіз?

– Миллиардтап ақша тауып жатқан мейрамхана қожайындарына да құлаққағысымыз бар. Дастархан мәзірін ысырапсыз жасаса дейміз. Айналайындар-ау, тойға адам ас ішу үшін емес, қуанышын бөлісуге барады. Түнгі 12-де табақ тарту не әдет, не әдеп? Үш түрлі ас беру не тыраштық? Талантпен жарысқан қазақ көрсек те, тамақпен жарысқан қазақты қалай тоқтатамыз? Сондықтан тойхана, мейрамхана иелеріне де үндеу жолдаймыз. Мына жаназадағы ысырапшылдық кішкене реттеліп келеді. Молдалардың үлесі зор. Енді, той мәзірін дұрыстайтын да уақыт болған шығар. Күн сайын көп рестораннан шығатын ас-ауқаттың обал мен сауабы кімге арналатынын білмеймін.

Үстел сірескен көкөніс, жеміс-жидек, табақ-табақ ет жеп отырып азық-түліктің бағасы қымбаттап кетті деп әңгіме соғамыз. Қалай қымбаттамайды аптаның алты күні тонналап тойханалар тапсырыс беріп отырса. Мінекей, ағайын, тойға байланысты тоғыз күн толғауға болады. Осымен тоқтайын. Үндеуге үн қосып, той мәдениетін, ас әдебін, дәстүр дұрыстығын қалыптастыруға қоғам қосылар деп сенемін!

– Жасұлан Лесбекұлы, осы тұста үндеуге қысқаша тоқтала кетсеңіз? Онда не қамтылды? Қандай бастама көтеріп отырсыздар?

– Жамбыл облысының ұлттық өнер жанашырларының елімізде той және басқа да жиындарды өткізуге байланысты халыққа Үндеуі табан астында туған дүние емес. Бұл көп жылдар бойы көкіректе түйілген айтар ойдың жиынтығы, елдің ертеңіне деген алаңдаушылықтан, жанашырлықтан туған бастама.

Әрине қазір тойдың көбейгенін сұхбаттың басында айттық. Міне, осының салдарынан той бизнесі қалаптасты да, оған қызмет қылар асаба, музыкант, бишілер, т.б. өзге де «өнер иелері» ойына келгенін істеп жүр. Тойдың көптігінен ғой асабалардың сөзі сұйылып, мағынасынан мән кеткені. Ал той иелерінің тойханаға ат, түйе, көлік кіргізіп, абырой жарыстырған сияқты дарақылығы өз алдына бөлек әңгіме. Тіпті сүйікті ит-мысықтарының да қуанышын жасап беретін күнге жеттік. Дастарханның ысырабы тіпті масқара. Айта берсек, сын көп, түзетілуі тиіс мін де көп. Осы олқылықтарды жүйелеп, қағазға түсіріп, жұрттың назарына ұсындық.

– Әңгімеңізге рахмет! 


Сұхбаттасқан Жасұлан Бақытбек
 


Жамбыл облысының ұлттық өнер жанашырларының елімізде той және басқа да жиындарды өткізуге байланысты халыққа 
ҮНДЕУІ

Той – халық қазынасы. Тәлім мен тәрбиенің өнегесі. Алыс-жақын ағайын мен көңілі жақын адамдардың бас қосып, өскелең ұрпаққа үлгі көрсететін ортасы. 

Той мәдениеті – ұлт мәдениеті десек, өзгелерден ерекшеленіп тұратын қазақ тойы ұлттық сипатынан ажырап қалған жоқ па? Құндылықтар құрдымға кетіп, келеке мазаққа айналған жоқпыз ба? Жалпы, «қазіргі тойлар қалай тойланып жүр?» деген сұрақтар бәрімізді мазалайтыны белгілі. Осыған байланысты той өткізу мәдениетін қалыптастыру мақсатында Жамбыл облысы әкімдігі, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, асабалар одағы бірлесіп, үндеу жолдап отырмыз.

Құрметті бауырлар! Қазіргі уақытта тойдың түрі көбейді. Демек олардың өткізілу жобасының өзіндік ерекшелігі болуы тиіс. Сондықтан тойды жасамас бұрын, оның маңызы мен мағынасына мән беріп, шақырылатын қонақтардың жас ерекшеліктеріне қарай оны дұрыс топтастыру және той өткізу уақытын реттеу, бос даңғазалық пен ысырапшылыққа жол бермеу қажет.

Тойды дұрыс ұйымдастыру мен өткізуге аса жауапкершілікпен қарап, әулеттің үлкендері немесе тәжірбиелі әрі жанашыр жақындарымен ақылдасуды қолға алған абзал. Өйткені тойдың мағыналы өтуі – той иесінің абыройы, әулеттің беделі, ұлт мәдениетінің көрсеткіші.

Тойдың мәнді өтуінің тағы бір негізгі шарты – асаба мен өнерпаздарды дұрыс таңдау және жиынды өткізу жоспары мен сценарийін бірлесіп жасау. Той барысында ұлттың абыройы мен қадірін түсіретін көріністерге, той қонақтарының беделіне нұқсан келтіретін орынсыз әзілдер мен тақырыптан тыс ән-билерге жол бермеу керек.

Өткізілетін той-жиындар отбасылық қуаныштар, әулетпен бірге атқаратын салт-дәстүрлер, кең көлемде аталып өтетін салтанатты кештер болып топтастырылуына аса көңіл бөлу маңызды. 

Құрметті ағайын! Соңғы кездері ел арасында орын алып жүрген келеңсіз жағдайлар, атап айтқанда жан-жануарларды дастархан жайылған тойханаға кіргізу, қазақтың ұлттық құндылықтарын келеке етіп – ересек адамды бесікке салу мен таққа отырғызу, қазақы шапанды малға жабу, ит-мысыққа той жасау той мәдениетінің төмендеуіне жеткізіп отыр. 
Осы мәселелер оң шешімін табу үшін өңірімізде құрылып жатқан асабалар одағы той мәдениетін қалыптастырудың ұйытқысы болады деп есептейміз!

Ендеше, халқымыздың қадір-қасиетін, ұлтымыздың ұлылығы мен бабалар өсиетін сақтап, тойды тәрбие ордасына айналдырайық!