Фото: Lada.kz
Маңғыстау облысында табиғи нысанды бүлдірген азамат анықталып, жауапкершілікке тартылды. Оқиға Ыбықты Сай шатқалы аумағында болған, деп хабарлайды Ult.kz.
Полицияның мәліметінше, әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында белгісіз ер адамның жартастарға өзінің аты-жөні мен автокөлігінің мемлекеттік тіркеу нөмірін жазып кеткені бейнеленген видео анықталған.
Жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде құқық бұзушының кім екені белгілі болды. Ол 2005 жылы туған азамат. Ер адам ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Қазіргі таңда іс материалы процестік шешім қабылдау үшін сотқа жолданған. Сонымен қатар, құқық бұзушы өз қолымен жазған белгілерін өшіріп, табиғи аумақты бастапқы қалпына келтірген.
