© Sputnik/Ертай Сарбасов
Алматыда Жеңіс күніне орай ұйымдастырылған “Мәңгілік даңқ” шеруі биыл да халықтың бірлігі мен тарихи жадының айқын көрінісіне айналды, деп хабарлайды Ult.kz.
Қала тұрғындары мен қонақтары батыр бабаларға тағзым ету үшін орталыққа ағылды.
Шара 28 панфиловшылар саябағы аумағындағы Даңқ мемориалынан басталды. Мұнда жиналған жұрт алдымен гүл шоқтарын қойып, Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан жауынгерлерді үнсіз еске алды. Осыдан кейін мыңдаған адамның қатысуымен “Мәңгілік даңқ” шеруі бастау алды.
Қолдарына ата-бабаларының фотосуреттерін ұстаған алматылықтар бір сапқа тізіліп, соғыс жылдарының ауыр жүгін арқалаған ұрпаққа құрмет көрсетті. Бұл шеру – тек естелік емес, ол ұлттың тарихи жадын жаңғыртатын, ерлік пен елдіктің мәнін ұғындыратын тағылымды шара.
Мемориал маңында мерекелік көңіл-күй жалғасып, отандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерт ұйымдастырылды. Сонымен қатар, соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне арнайы дастарқан жайылып, далалық-әскери ас ұсынылды.
“Мәңгілік даңқ” шеруінің басты мақсаты – кейінгі буынға батырлық мұраны аман жеткізу, ел тарихын ұмыттырмау. Алматыдағы бүгінгі көрініс осы мақсаттың орындалып жатқанын анық аңғартты.
