Фото: ашық дереккөз
Алматыда ерекше жағдай тіркелді: қала тұрғыны жүктілігін босанар күні ғана білген. Жекеменшік клиникалардың біріне іші ауырып келген келіншек бастапқыда асқазан-ішек жолдарына шағымданған, деп хабарлайды Ult.kz.
Бұл туралы клиниканың әлеуметтік желісінде жазылды. Пациенттің айтуынша, біраз уақыт бұрын салмақ тастап, кейін қайтадан тез толып кеткен.
Дәрігерлер ультрадыбыстық тексеру жүргізген кезде әйелдің 7 айлық жүкті екені анықталған. Сол сәтте күтпеген жерден толғақ басталып кеткен.
«Келіншек ішінің кеуіп, ауырғанын айтып келді. УЗД кезінде оның жүкті екенін және нәрестенің шамамен 7 айлық екенін көрдік. Тексеру барысында толғақ басталып, гинекологтар оны сәтті босандырып алды», – деп хабарлады клиника өкілдері.
Нәтижесінде әйел дені сау қыз баланы дүниеге әкелді. Анасы мен сәбидің жағдайы жақсы.
Дәрігерлердің айтуынша, бұл – жас отбасының тұңғыш сәбиі.
