Фото: instagram.com/meirkhan_daniyar
Полиция қызметкері Данияр Мейірхан өзіне қатысты желіде тараған даулы ақпаратқа пікір білдірді. Ішкі істер министрлігінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің төрағасы бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялады, деп хабарлайды Ult.kz.
Оның айтуынша, өзіне қатысты қылмыстық іс заң аясында тоқтатылған. Соған қарамастан, 36 жастағы әйел шағым түсіруін жалғастырып, енді сотқа жүгінген.
"Мен азамат әрі офицер ретінде бұл жағдайға сабырмен қараймын. Алайда мен туралы жасанды түрде ақпараттық резонанс қалыптастырылып жатыр. Кейбір тараптар сот пен қоғамдық пікірге әсер ету үшін әлеуметтік желілерді пайдалануға тырысып отыр", деді Данияр Мейірхан.
Ол қажет болған жағдайда өз уәжін дәлелдейтін материалдарды ұсынуға дайын екенін жеткізді. Сондай-ақ қызметі барысында әрдайым заң мен мемлекет мүддесін басшылыққа алғанын атап өтті.
Сот деректеріне сәйкес, Астанада аталған іс бойынша шағым тіркелген. Сот отырысы 2026 жылдың 8 мамырына белгіленген.
Полиция қызметкері қоғамды эмоция мен қауесетке ермеуге шақырып, шындық тек заң мен нақты деректер арқылы анықталатынын айтты.
