Айнұр Төлемісованың айтуынша, ұлымен бірге әскерге кеткендер ант қабылдап, қызметке кіріскен.
Солдаттың анасы бұған дейін Айболаттың бұл оқиғаға қатысы жоқ деп мәлімдеме бергендер енді өз айғақтарын өзгертіп жібере ме деп қорқады.
"Ант қабылдағаннан кейін балаларға басшылық тарапынан қысым болатынына сенімдімін. Ұлым тергеу изоляторында, оның қасына бұрын қылмыс жасаған әрі 10 жыл түрмеде отырған ер адамды отырғызған. Ол менің ұлыма барлық кінәні өз мойнына алуға кеңес берген. Демек, ол да әскери тергеушілердің адамдары", - дейді сарбаздың анасы.
Аштық жариялаған солдаттың ата-анасы, зейнетке шыққан әжесі, ағалары мен әпкелері Айболатты Атырауға әкелгенше, Департамент алдында соңына дейін отыруға ниетті.
"Қылмыстық іс туралы ақпарат жоқ. Ұлым әлі әскери қызметкер емес, сондықтан оны Атыраудағы тергеу изоляторына ауыстыруға болады деп ойлаймын. Аштық жариялауды оны Атырауға әкелген кезде ғана тоқтатамыз", - дейді Айнұр Төлемісова.
Атырау облысы Қорғаныс департаменті бастығының орынбасары Ержан Жұмановтың айтуынша, Айболат Аманжолов барлық медициналық және психологиялық сынақтан сәтті өткен.
"Оның жеке ісін сұратты. Бізде бар құжаттарды жібердік. Ол медициналық және психологиялық сынақтардан сәтті өтті. Полиция есебінде тұрмаған. Қазір тергеу жүріп жатыр", - деді Ержан Жұманов.
Айта кетейік, маңғыстаулық сарбаз әскерге шақырылғанына бірнеше күн өткенде қайтыс болды. Оқиға Жамбыл облысы Қордайда болған. 22 сәуірде Мерзімді қызметтің қатардағы жауынгері Әлібек Қалбай Гвардейский кентіндегі қалалық типтегі әскери ауруханада қайтыс болды. Маңғыстау облысы Ақшұқыр ауылының тұрғыны 18 жастағы Әлібек Қалбайдың туыстарының сөзінше, ол 13 сәуірде шақырту алып, ҚР Қорғаныс министрлігінің 30212 әскери бөліміне әскери борышын өтеуге барған. Бөлімше Жамбыл облысы Қордай ауылында орналасқан. Туыстары бұл оқиға әділ тергелетініне үміттенеді.
Еске салайық, бұған дейін Жамбыл облысындағы сарбаздың өліміне күдікті анықталғаны хабарланған болатын.