19 мам, 2026 сағат 14:03

Талдықорғанда футболдан кейінгі жанжал 20 жастағы студенттің өлімімен аяқталды

instagram/taldykorganec_kolesa

Талдықорғанда 20 жастағы студент Жәңгір Нұрланұлы футбол матчын көргеннен кейін қаза тапты. Қайғылы оқиға 7 мамыр күні болған,  деп хабарлайды Ult.kz taldykorganec_kolesa-ға сілтеме жасап.

Марқұмның анасының айтуынша, ұлы сол кеште достарымен бірге футбол көруге кеткен. Жастар жиналған пәтерде шамамен он адам болған, олардың арасында 17 жастағы мектеп оқушысы да жүрген.

Алдын ала мәлімет бойынша, отырыс барысында жастар арасында жанжал туындаған. Кейін олар сыртқа шығып, біраз уақыттан соң қайта кездескен. Анасының сөзінше, сол кезде мектеп оқушысы Жәңгірді сыртқа шақырып алып, оған алты жерден пышақ жарақатын салған. Студент алған жарақаттарынан көз жұмды.

Әйелдің айтуынша, оқиғаға дейін аз уақыт бұрын ұлымен бейнеқоңырау арқылы сөйлескен. Ол кезде Жәңгірдің көңіл күйі жақсы болып, қалжыңдап сөйлескен әрі кейін қайта хабарласатынын айтқан.

Қазір қылмыстық іс бойынша тергеу жүріп жатыр. Сараптамалар тағайындалып, куәгерлерден жауап алынуда. Марқұмның туыстары әділ тергеу жүргізіліп, кінәлі адамның қатаң жазалануын талап етуде.

Жетісу облыстық полиция департаменті күдіктінің ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалғанын мәлімдеді. Сот оған қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялаған.

Полиция өкілдерінің мәліметінше, оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған кешенді тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Іс облыстық полиция департаменті басшылығының бақылауына алынған.