Фото: ҚМДБ
Бүгін Астанада Құрбан айт мерекесіне орай өткен баспасөз мәслихатында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы кәсіпкерлерге үндеу жасап, мереке күндері халыққа қолайлы баға ұсынуға шақырды, деп хабарлайды Ult.kz.
Бас мүфти жыл басында дін қызметкерлеріне жолдаған бағдарламалық баяндамасында Құрбан айт пен Ораза айт мерекелерін ұлттық дәстүрге сай қоғамдық деңгейде атап өту қажеттігін айтқанын еске салды. Оның сөзінше, биыл айт күндері республика көлемінде «Құрбан айт – ұлық мереке» тақырыбымен түрлі игі шаралар ұйымдастырылады.
Сондай-ақ облыстық, қалалық және аудандық мешіттердің аулаларында киіз үйлер тігіліп, ұлттық спорт түрлерінен сайыстар өтеді. Бұдан бөлек, еліміздің әр өңірінде мәдени-рухани кештер ұйымдастырылмақ.
– Барша жамағатты ұлттық киім киіп, айт мерекесін халқымыздың салт-дәстүріне сай ұлттық нақышта атап өтуге және игі бастамаларымызға белсенді атсалысуға шақырамын. Құрбан айт – тек діни мереке емес, қоғамдағы бірлік пен татулықты нығайтатын, қайырымдылықты дәріптейтін рухани мейрам, – деді Бас мүфти.
Наурызбай қажы Тағанұлы кәсіпкерлерге арнайы үндеу жасап, Құрбан айт кезінде мал бағасын негізсіз көтермеуге, халықтың әлеуметтік жағдайын ескеруге және күнделікті тұтынатын азық-түлік бағасына мүмкіндігінше жеңілдік жасауға шақырды.
