28 қыр, 2018 сағат 19:29

Үздік әлеуметтік жобалар байқауының жеңімпаздары анықталды

Биыл дәстүрлі «Қазақстанның үздік әлеуметтік жобалары» байқауы алғаш рет «Нұр Отан» партиясының және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бірлесіп ұйымдастыруымен өткізілді. Оған еліміздің әр өңірінен 318 автор қатысып, өз жобаларын ұсынды.

Марапаттау рәсімінде «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев барлық жобаның жеңіске лайық екенін айтты. Сондай-ақ ол мұндай байқаудың әлеуметтік, рухани және тәрбиелік маңызы зор екеніне назар аударды.

– Бұл, біріншіден, әлеуметтік салада белсенділігімен танылған қоғамдық ұйымдар мен мұқтаж жандарға көмек қолын созған жеке азаматтарға қолдау көрсетуге, олардың еңбектерін елеп-ескеруге мүмкіндік беретін болса, екіншіден, сондай бірлестіктерді көпшілікке үлгі-өнеге ретінде дәріптеуге жол ашады. Қазіргі таңда елімізде ондай ұйымдар мен азаматтар мыңдап саналады. Олар осындай игі істерімен қоғамымызда қайырымдылық мәдениеті мен әлеуметтік жауапкершіліктің қалыптасуына үлкен үлестерін қосып келеді. Сол себепті «Нұр Отан» партиясы осы дәстүрлі байқауға атсалысып, оның жаңа деңгейге көтерілуіне өз септігін тигізіп отыр, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары  халықтың әлеуметтік мәселелерін шешу – Елбасы анықтап берген еліміздегі ең басты басымдықтардың бірі екенін айтып, бұл игі іске мемлекеттік органдармен бірге, үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық бірлестіктер, кәсіпкерлер және саяси партиялар да белсенді қатысса, көздеген межеге қол жеткізу жеңілдейтінін жеткізді.

Салтанатты шараға «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасарымен бірге Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова, сондай-ақ басқа да мемлекеттік орган, бизнес қауымдастық, үкіметтік емес ұйым өкілдері мен Парламент депутаттары қатысты.

Байқау нәтижесінде «Зейнеткерлерге тегін түскі ас» жобасымен қатысқан Рәсима Темірбаева – 1-орын, «Арбадағы кедергісіз өмір» жобасымен қатысқан Нұрболат Қарабасов пен «Ел назы» арт-терапиямен дамыту орталығы жобасымен қатысқан белгілі әнші Кенжебек Жанәбілов – 2-орын және «Үміт сәулесі», «Мейкатон «TOM: Kazakhstan» жобаларымен қатысқан Маржан Мәдиева мен Сәния Арапова 3-орын алды.