15 мам, 2026 сағат 12:49

Отбасы күні: Қазақстанда некелесу коэффициенті рекордтық деңгейде төмендеді

Фото: ашық дереккөз

Бүгін – Халықаралық отбасы күні. Осыған орай Ұлттық статистика бюросы Қазақстандағы соңғы он жылдағы неке статистикасын жариялады, деп хабарлайды Ult.kz.

Мәліметке сәйкес, 2015 жылы елімізде 148,8 мың неке тіркелсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 116 мыңға дейін төмендеген. Осылайша, соңғы 10 жыл ішінде некелер саны шамамен 22%-ға азайған.

Сонымен қатар, некелесу коэффициенті де төмендеген. Егер 2015 жылы 1000 адамға шаққанда 8,48 неке тіркелсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 5,69-ды құраған.

Өңірлер бойынша қарағанда, некелесу коэффициентінің ең жоғары деңгейі Астанада тіркелген — 1000 адамға 6,75 неке. Ал ең төмен көрсеткіштер Қызылорда облысында — 5,06, Батыс Қазақстан облысында — 5,1 болған.

Мамандардың пікірінше, Астанадағы жоғары көрсеткіш жастардың көші-қон белсенділігімен және еңбекке қабілетті тұрғындардың көп шоғырлануымен байланысты болуы мүмкін.

Статистикаға сәйкес, Қазақстандағы некелесудің ең жоғары деңгейі 2012-2013 жылдары байқалған. Ол кезде 1000 адамға шаққанда 9,8-9,9 неке тіркелген. Салыстырмалы түрде, 2005 жылғы көрсеткіш 8,12 болған.

Сарапшылар некелер санының азаюын бірнеше фактормен байланыстырады. Соның бірі — демографиялық толқын. Яғни, 1990 жылдардың соңында туу деңгейі төмен болған буын қазір неке жасына жеткен.

Бұдан бөлек, қазақстандықтардың некеге кеш тұру үрдісі байқалады. Соңғы 10 жылда алғашқы некеге тұрудың орташа жасы ерлер арасында 0,7 жылға, әйелдер арасында 0,6 жылға өскен.

2025 жылғы дерек бойынша, ерлер алғаш рет орта есеппен 27,9 жаста, ал әйелдер 25,3 жаста некеге тұрады.