Фото: ашық дереккөз
Оңтүстік Кореяның Муан әуежайында апатқа ұшыраған ұшақта бір отбасының 9 мүшесі болғаны белгілі болды, деп хабарлайды Ult.kz.
Jeju Air компаниясына тиесілі Boeing 737-800 ұшағы Бангкоктан қайтып келе жатқан. Бортта 181 жолаушының арасында 80 жастағы туысының мерейтойын атап өтуге барған бір отбасының 9 мүшесі болған. Сол отбасындағы ең қарт адам да ұшақта болғаны анықталды. 179 адам қаза тапқан бұл апатта ең үлкен жастағы жолаушы сол кісі болған. Алайда оның жынысы нақтыланбаған.
Еске сала кетейік, 29 желтоқсан күні Бангкоктан Оңтүстік Кореяның Муан қаласына ұшып бара жатқан Jeju Air әуе компаниясының Boeing 737-800 ұшағы қону кезінде апатқа ұшыраған. Оқиға жергілікті уақыт бойынша таңғы 9:07-де орын алған. Ұшақ ұшу-қону жолағынан шығып кетіп, қоршауға соғылғаннан кейін өрт тұтанған.
Ұшақта 181 адам болған. Екеуі ғана аман қалған – олар экипаж мүшелері, бір әйел және бір ер адам. Екеуі орташа және ауыр жарақаттармен ауруханаға жеткізілді. Жергілікті биліктің алдын ала мәліметіне сәйкес, жолаушылар арасында қазақстандықтар болмаған.