Фото: gov.kz
Сыбайлас жемқорлыққа қарыс іс-қимыл агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті "ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау Комитетінің Ұлттық сараптама орталығы" Жетісу филиалының директорына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Антикор мәліметінше, ол Ұлттық орталық басшылығына Алматы облысына қызметке ауысқаны үшін 2 500 АҚШ доллары көлемінде пара берді деген күдікке ілініп отыр.
"Аталған адамның іс-әрекетінің саралануы прокуратурамен келісілген.
2023 жылы 31 наурызында соттың санкциясымен күдікті қамауға алынды. Тергеу жалғасып жатыр. ҚПК-нің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Сонымен бірге, Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік Кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі, - делінген хабарламада.
Сондай-ақ ведомство 12 мамырда Астанада күдіктінің туыстары мен достарының санкцияланған митингі өткенін атап өтті. Жиналғандар оның кінәсіздігі туралы мәлімдеп, объективті тергеуді талап еткен.