19 мау, 2019 сағат 08:26

«Үлкен деректер» технологиясының болжау мүмкіндіктері

«Кеш сайын сыртқа шықпай үйде отыру, кітап оқу және классикалық музыка тыңдау». «Бриджит Джонстың күнделігі» фильмінде басты кейіпкер жаңа жыл қарсаңында өзіне осындай уәде береді.

Алайда шындығында бәрі өзгеше болады. Адамдар бос уақытында бірдеңе істеймін деп өздеріне уәде берсе де, көбіне сол сөзіне тұрмайды.

Экономистер бұл құбылысты «гиперболалық дисконттау» деп атайды. Олар «спорт залға бармағаны үшін ақы төлеу» деп аталатын зерттеу жүргізген. Онда адамдарға жаттығу залына әр келген сайын ақша төлеп отыруды немесе бірден айлық төлем жасауды ұсынған. Көбісі ай сайынғы төлемді таңдаған. Өйткені олар өздерінің спортпен шұғылдануға деген құлшынысын асыра бағалап, іс жүзінде артық ақша жұмсаған екен.

Гиперболалық дисконттау – шығармашылық саласындағы жұмыс әдістерінің бірі. Әркімнің талғамы әр түрлі. Осы ретте, кей тұста бір фильмге үлкен табыс әкелсе, басқа біреуінің сәтсіздікке ұшырауына себеп болуы мүмкін.

Ұзақ жылдар бойы ойын-сауық саласында жарнама берушілер мен маркетологтар кітап не фильмнің табысын алдын ала болжауға тырысып келді. Бұл мәселеде уақытты дұрыс таңдаудың өзі де аса маңызды. Мәселен, фильмді немесе кітапты нарыққа шығару үшін қолайлы уақытты болжай білу керек. Ал бұл оңай шаруа емес.

Бүгінде «үлкен деректер» технологиясы адамдардың ойын-сауық саласына көзқарасын анықтауға көмектеседі. Жасанды интеллект пен әлеуметтік желілердің әсерін зерттейтін маман ретінде адамның мінез-құлқын алдын ала болжаудағы 3 маңызды ұғымды бөліп қарастырғым келеді.

1. «Ұзын құйрық әсері»

Әдетте теледидардағы шоулар ең көп көрермен жиналатын прайм-тайм уақытында көрсетіледі. Алайда қазір контентті интернеттегі стриминг қызметі арқылы тарату мүмкіндігі пайда болды. Жарнасын төлеген адамдар ұнайтын киносын өзіне ыңғайлы кез-келген уақытта көре алады. Көрермендер нақты бір уақытқа байланып қалмайтындықтан, бұл прайм-таймда көрсеткеннен гөрі тиімді болуы мүмкін. Бұл экономикалық құбылыс «ұзын құйрық әсері» деп аталады. 

«Netflix» секілді стримингтік компаниялар өз контентін кинотеатрларда таратуға ақша төлемейді. Сондықтан халықтың нақты бір топтарын қызықтыратын шоуларды көбірек түсіруге мүмкіндігі бар.

Көрермен саны азайғаннан кейін телеарналар «Карталардан тұрғызылған үй» сериалынан бас тартты. «Netflix» компаниясы пайдаланушыларының талғамы жайлы деректерге сүйеніп, бұл сериалдың түсірілімін жалғастыруды шешкен. Қолдарында бар деректер бойынша, көрермендер режиссер Дэвид Финчер түсірген және актер Кевин Спейси қатысқан басқа да фильмдерді ұнататынын көрсетеді. Сондай-ақ тұтынушылардың көбісі сериалдың BBC түсірген нұсқасының DVD-дискілерін жалға алғаны да анықталған.

2. Жасанды интеллект заманындағы қоғамдық ықпалдың рөлі

Көпшілік көрген фильмдерін, шоуларын, тыңдаған әндерін әлеуметтік желілер арқылы достарымен бөлісе алады. Компаниялар Twitter және Instagram секілді әлеуметтік желілердің деректерін қолдана отырып, көрермендердің фильм, шоу не әнге қатысты ойларын біле алады. Бұл ретте киностудиялар цифрлық деректерге сүйеніп, фильмді қалай жарнамалап, оны қашан прокатқа шығару керектігін шеше алады.

Мәселен, тұсаукесеріне бір ай қалған кезде кинотуындының трейлерін Google-да іздеу санына қарап, Оскар сыйлығының жүлдегерлері немесе  фильмнің қанша табыс әкелетіні туралы болжам жасауға болады. Киностудиялар прокатқа шығу уақыты мен әкелген пайдасы туралы нақты деректерді біріктіріп, оны интернеттегі ізделуімен салыстырып, жаңа фильмдерді шығару үшін ең қолайлы уақытты таңдай алады.

Компаниялар сәтсіздікке ұшырамас үшін әлеуметтік желілерден жиналған дерекке мән беріп, көпшіліктің көңілін бағамдауға болады. Мәселен, көңілі толмаған бір ғана беделді тұтынушының теріс пікірі көпшілік арасында тез таралып кетіп, қоғамдық пікірді қалыптастыруы мүмкін.

Вашингтон университеті мен Джорджия штаты университетінің бірлесе жүргізген зерттеуі YouTube порталындағы видеоның танымалдығына қоғам пікірі ықпал ететінін және беделді тұтынушылар бағалаған контенттің көрсетілімдері одан әрі өсетінін көрсеткен.

Тағы бір зерттеу анықтағандай, киностудиялар фильмді прокатқа шығармай тұрып әлеуметтік желідегі талқылауларға көңіл бөлгенде, болжам қателігі, яғни болжамды және нақты табыс арасындағы айырмашылық 31 пайызға азаяды екен.  

3. Тұтыну әдеттерін талдау

«Үлкен деректер» технологиясы адамдардың қандай кітапты ұнататынын және бос уақытын қалай өткізуді қалайтынын көрсете алады.

Математик Джордан Элленберг Хокинг индексін ойлап тапқан. Ол электрондық кітаптарға қатысты қолданылады және адамның қай кезде, яғни қай бетіне келгенде, кітаптан жалығып кететінін көрсетеді. Егер соңғы бетіндегі оқылым көрсеткіші жалпы орта деңгейден түспесе, бұл кітапқа 100 пайыз Хокинг индексі беріледі.

Индекс «Уақыттың қысқаша тарихы» кітабының авторы Стивен Хокинг есімімен аталған. Бұл кітап жыл сайын миллион данамен сатылып жатыр. Соған қарамастан оқылымы өте төмен. Кітаптың Хокинг индексі небәрі 6,6 пайызға тең. Бұл аз адам ғана кітапты соңына дейін оқитынын білдіреді.

«Amazon» секілді компаниялар қандай кітап ұсыну немесе қандай сериал түсіру керектігін шешпес бұрын тұтынушылардың талғамын анықтайтын цифрлық деректерді қарап шығады. Бұл кітаптың алдағы шығарылымын жарнамалауға не жеке қолданушыларға дұрыс ұсыныс жасауға мүмкіндік береді.

Жасанды интеллектің жаңа түрлері адамдардың шығармашылық контентке қатысты көзқарасын сараптайды. Мәселен, «Epagogix» компаниясы нейрондық желілерді қолдану арқылы кино сарапшылары баға берген сценарийлерді тексеріп шығады. Сөйтіп, компьютер фильмнің қанша табыс әкелетінін 75 пайыз дәлдікпен болжап береді.

Осылайша, «үлкен деректер» технологиясының мүмкіндіктерін қолдана отырып, кинокомпаниялар тақырыптың басында сөз еткен Бриджит Джонстың бос уақытында не істегісі келетінін оның өзінен жақсы білетін болды десек, артық айтпаспыз.

Мақаланың түпнұсқасы: weforum.org