Фото: Nur.kz
Қазақстанда ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайту бағытында нақты нәтижелерге қол жеткізілді. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында атқарылған жұмыстар туралы мәлімдеді, деп хабарлайды Ult.kz.
Ғалымдар мен өндіріс арасындағы тиімді ынтымақтастық құралы ретінде хакатондар таңдалды. Бұл форматта зерттеушілер кәсіпорындарға барып, өндірістік процестерді егжей-тегжейлі зерттеп, ғылыми-техникалық тапсырмаларды қалыптастырады.
Нәтижесінде тау-кен металлургия саласында 6 ірі хакатон өткізілді. Іс-шараларға 30-ға жуық ғылыми-зерттеу институты мен ЖОО-дан 200-ден аса ғалым қатысты. 80 ғылыми-техникалық тапсырма әзірленді. Оның ішінен 11 жоба ірі кәсіпорындардың қаржыландыруына таңдалды.
Министр атап өткендей, биылғы жалпы ғылыми-техникалық тапсырмалардың 10%-ы нақты өндірістік қажеттіліктерге бағытталған.
Жаңартылған Ұлттық Ғылым академиясы да жобаларды талдау мен сараптау процесіне қосылған. Барлығы 653 өтініш келіп түскен, оның ішінен 113 жоба комиссия қарауына жіберілді.
«Бұл — ғылым мен өндірістің өзара әрекеттестігін жандандырудағы маңызды қадам. Әрбір іріктелген жоба Қазақстанның ғылыми әлеуетін нақты өндірістік міндеттерді шешуге бағыттауды көздейді», — деп атап өтті министр.
Бұл бастама ғылымды коммерцияландыру мен елдегі инновациялық өндірістерді дамыту үшін маңызды үлес қосады.