Фото: baq.kz
Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай журналистерге берген сұхбатында зейнетақы жүйесін тұрақты қаржыландыру бойынша Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлескен жұмыс жүріп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ult.kz.
“Ұлттық банк пен Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп зейнет жүйесін тұрақты қаржыландыру бойынша мемлекет басшысының тапсырмасы бар. Қазір осы міндет бойынша жұмыс атқарып жатырмыз”, – деді вице-министр.
Сонымен қатар, Виктория Шегай әзірге зейнет жасын өзгерту туралы ресми бастама түспегенін атап өтті. Ол бұл мәселе бойынша жаңа шешімдер қабылданбас бұрын, тек жоспарлы жұмыс жүргізіліп жатқанын түсіндірді.
“Зейнет жасын өзгертуді қайта қарау бойынша әзірге бастама келіп түскен жоқ”, – деді Виктория Шегай журналистердің сұрағына жауап беру кезінде.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2023 жылдан бастап бес жыл ішінде базалық зейнетақының ең төменгі мөлшерін ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ына, ал ең жоғарысын 120%-ына дейін кезең-кезеңімен арттыру көзделген.
Осыған байланысты 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 35 596 теңгені, ал ең жоғары мөлшері 60 005 теңгені құрайды. Бұл ең төменгі күнкөріс деңгейінің 118%-ына тең.
Мысалы, 2019 жылы зейнетке шыққан, бүгінде 70 жастағы зейнеткердің 2025 жылғы жалпы зейнетақысы 171 588 теңге болса, 2026 жылғы индексацияны ескере отырып, оның зейнетақысы 192 816 теңгеге дейін ұлғаяды. Оның ішінде базалық зейнетақы – 60 005 теңге, ынтымақты зейнетақы – 132 811 теңге. Бұл сомаға БЖЗҚ-дан төленетін төлемдер кірмейді.
