Фото: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Алматыдағы Астана алаңында Наурыз мейрамына арналған басты концерт өтті. Биыл қала орталығы дәстүр, заманауи мәдениет пен технология тоғысқан біртұтас мерекелік кеңістікке айналды.
Салтанатты іс-шараға Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды қатысты. Қала басшысы тұрғындарды құттықтай отырып, Наурыздың жаңару, бірлік және ұрпақ сабақтастығының мерекесі ретіндегі маңызын атап өтті.
Фото: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
«Жер жүзі жадырап, табиғат жаңғырып, күн мен түн теңесетін осынау мерекелі күні алыстағы ағайын жақындап, жақындағысы табысады. Ниеті түзу, пейілі кең халқымыз әрбір жаңа күнді айрықша ықыласпен қарсы алған», – деді Дархан Сатыбалды.
Фото: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Қала әкімі «Наурызнама» онкүндігі аясында әрбір күннің өзіндік мәні бар екенін айтты. Бұл күндер ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, мәдениет пен дәстүрді жаңғыртуға, сондай-ақ қоғамдағы бірлік пен өзара құрметті нығайтуға бағытталған.
«Ел экономикасының драйвері, аспан таулар бауырындағы алып шаһарымыз – Алматы қаласы да өсіп-өркендеп, көркейіп келеді. Алматыны дамыту бағдарламасы аясында қала инфрақұрылымы жаңартылып, тұрғын үйлер, әлеуметтік маңызы бар ғимараттар мен көшелер жөнделіп, жолдар салынуда. Біздің ең басты мақсатымыз – тұрғындар мен қонақтар үшін ыңғайлы, жарқын әрі өмір сүруге қолайлы қоғамдық орта қалыптастыру.», – деді қала әкімі.
Концерттік бағдарлама танымал қазақстандық әртістер мен шығармашылық ұжымдардың басын қосты. Сахнада танымал әндер шырқалып, ұлттық нақыштағы театрландырылған қойылымдар - мерекелік көңіл күй мен көктемгі жаңару рухын айшықтады.
Фото: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Фото: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Тұрғындардың, әсіресе, егде жастағы азаматтардың қолайлығы үшін алаңда арнайы отыратын орындар ұйымдастырылды.
Қала тұрғындарының ерекше қызығушылығын алты тақырыптық киіз үйден тұратын көрме аударды. Әрбір киіз үй тарихи мұрадан бастап заманауи технологияға дейінгі бағыттарды таныстырды.
Фото: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Бірінші киіз үйде Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінің қорындағы ұлттық аспаптар қойылды. Екінші киіз үй инновациялық интерактив алаңына айналып, онда роботтар, дрондар, оқушылардың әзірлемелері, жасанды интеллектке негізделген жобалар және виртуалды шындық аймағы көрсетілді.
Үшінші киіз үй — «Digital 360 – Welcome to Almaty» мультимедиялық кеңістігі панорамалық проекциялар мен цифрлық шешімдер арқылы қаланы түрлі кезеңдерде тамашалауға мүмкіндік берді. Төртінші киіз үйде келушілер «Алтын адам» және археологиялық реконструкциялармен танысты.
Бесінші киіз үйде этнодизайн мен дәстүрлі бізкестенің заманауи үлгілері ұсынылса, алтыншы киіз үй музей экспонаттары негізінде XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басындағы қазақ тұрмысының дәстүрлі келбетін қайта жаңғыртты.
Фото: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Жалпы, ауқымды мерекелік іс-шаралар 23 наурызға дейін жалғасады. Осы күндері қала тұрғындары мен қонақтарына концерттер, театрландырылған қойылымдар, көрмелер, мәдениет қайраткерлерімен кездесулер және қазақ халқының дәстүрлі салт-жоралғылары ұсынылады.
