Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаменті Украинада соғысып жатқан қазақстандыққа қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Сотқа дейінгі тергеу Қылмыстық кодекстің 172-бабы (жалданушылық белгілері болмаған жағдайда Қазақстан Республикасы азаматының шет мемлекет аумағында қарулы қақтығысқа немесе соғыс қимылдарына қасақана заңсыз қатысуы) бойынша жүргізіледі. Бұл бап қылмыскерге 5 жылдан 9 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын беруді көздейді.
Комитет мәліметінше, тергеуді бастауға “бұл адамның Украинадағы соғыс қимылдарына қатысуы туралы ақпарат түсуі" себеп болған.
ҰҚК қазақстандықтың аты-жөнін атамады, сондай-ақ оның қай тараптың мүддесі үшін соғысып жатқанын нақтыламады. Алайда, бүгінгі таңда украин армиясы жағында соғысып жатқан жалғыз қазақстандық ерікті Жасұлан Дүйсембин екені белгілі.