Елімізде бизнес-омбудсмен институты алғаш рет пайда болды. Алғашқы қадамды жасау қашан да оңай емес. Бірақ жұмысты неден бастау керек екенін кәсіпкерлер өздері айтты.
Экономикалық қылмыстар бойынша қылмыстық заңнаманы ізгілендіру, бақылаушы органдар тарапынан қойылатын талаптардың өте көп мөлшерде болуы және рұқсат беру жүйесін оңтайландыру бірінші кезекте шешілуі тиіс мәселе болды.
2016 жылдың желтоқсанында "Рақымшылық жасау туралы" Заң қабылданды. Нәтижесінде экономикалық қылмыстары үшін сотталған 649 кәсіпкерге рақымшылық жасалды. Бұл бизнес үшін үлкен қолдау болды.
Елімізде қолайлы экономикалық жағдай тудыру үшін мемлекеттік органдармен бірге көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Мысалы, рұқсат беру жүйесі оңтайландырылды: 2011 жылы 1 115 лицензия мен рұқсат болса, қазір олардың саны 315-ке дейін қысқарды.
Бірақ бұл жеткіліксіз, әрине. Кәсіпкерлердің айтуынша, шенеунікпен тікелей байланыс жасау айтарлықтай келеңсіз жағдайлар туғызады. Көбіне кәсіпкерлер мемлекеттік органдарға жүгінгеннен кейін артынша тексерулер, құжаттарды талап ету, кабинет аралау тәрізді келеңсіздіктер орын алатынын алға тартады.
Шенеуніктердің қабылдауында болудың немесе қандай да бір ақпарат алудың қиындығы туралы шағым кәсіпкерлерден жиі түседі. Сондай-ақ әрбір министрліктегі комитеттердің саны айтарлықтай көп және қандай да бір рұқсат алу үшін қаншама рәсімдеу үрдісінен өту керек. Мұндай байланысты болдырмау үшін барлық мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру қажет. Сонда мемлекеттік құрылымдардың саны да маңызды болмас еді.
Мысалы, Сингапурде ұялы телефон арқылы кәсіпорынды тіркеп, ашуға болады. Ешкімнің алдына барудың қажеті жоқ. Құжаттарды интернет арқылы жүктесеңіз жетіп жатыр.
Автоматтандырылға жүйенің бірі – жол жүргізу ережесін бұзу фактісі орын алғанда түсіріп алатын бейнекамералар. Ыңғайлы ғой. Ережені бұздың ба – айыппұл төлейсің. Бір рет айыппұл төлеген жүргізуші екінші рет ережені бұзбауға тырысады.
ҚР Тұңғыш Президенті 2018 жылғы 10 қаңтардағы өзінің Қазақстан халқына Жолдауында мемлекеттік органдардағы процестерді цифрландырудың маңыздылығын, оның ішінде халықпен, кәсіпкерлермен өзара іс-қимылындағы рөлін атап өткен болатын.
Бір мысал келтірейін. Сот жүйесін цифрландыру бизнес үшін қандай мүмкіндіктер ашады? Біріншіден, сот ісін жүргізудің қисынды логистикасы. Кәсіпкерлер сотқа арыз бергеннен бастап және істің түпкілікті шешілуіне дейінгі барлық процесті "сандық бақылауда" ұстай алады.
Екіншіден, бұл сот процестерінің барынша ашықтығын қамтамасыз ету, соның ішінде судьяларға жүктемені төмендетуді қамтамасыз ету, бюджетті үнемдеу, ең бастысы – азаматтардың жалпы сот жүйесіне деген сенімін арттыру болмақ.
Мысалы, кәсіпкерлер жиі сот процестеріне қатысады. Әрине, мұндай талқылаулар олардың көп уақытын алады. Егер бұрын сот процесіне қатысу талап етілсе, қазір сот оны қашықтықтан, бейнеконференцбайланыс арқылы өткізуге құқылы. Бұл жаңалық іс жүзінде өзінің тиімділігін көрсетті, өйткені істерді сот залынан тыс қарауға мүмкіндік береді. Бұл процеске қатысушылар үшін өте қолайлы.
Шын мәнінде, цифрландыру процестердің ашықтығын қамтамасыз етеді, бизнестің мемлекеттік органдарға деген сенімін арттырады.
Болат Палымбетов,
Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын
қорғау жөніндегі уәкіл