09 сәу, 2018 сағат 08:48

Трамп: Сириядағы химиялық шабуылға Путин, Ресей мен Иран жауапты

АҚШ президенті Дональд Трамп Сириядағы ықтимал химиялық шабуылға президент Путин, Ресей мен Иран жауапты деп мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" centralasian.org агенттігіне сілтеме жасап.

"Сирияда көп адам, соның ішінде әйелдер мен балалар химиялық шабуыл құрбаны болды. Бұл зұлымдық жасалған ауданды сириялық армия қоршап, өзге елдердің куәгерлерінен жабық ұстап отыр. Президент Путин, Ресей мен Иран Асадтың тағылығын қолдағаны үшін жауапты...", - деп жазған Трамп Twitter әлеуметтік желісіндегі парақшасына.

Трамп "Сирия президенті Башар Асадқа жасаған зұлымдығы аса қымбатқа түсетіні" туралы мәлімдеген деп хабарлайды "Америка дауысы".

Рим папасы Франциск сәуірдің 8-і күні Сирияда улы газ қолданылған шабуылды қатаң айыптады. "Соғыстың жақсы я жаманы жоқ, және де қарусыз адамдарға қарсы жаппай қырып-жою құралын қолдануды еш нәрсемен ақтауға болмайды", - дәп мәлімдеген жексенбіде Ватиканда діни жоралғыны өтеу кезінде папа Франциск.

"Сириядан ондаған адамдар құрбан болған шабуылдар туралы сұмдық хабарлар түсіп жатқан" шақта Рим папасы саяси және әскери жетекшілерден "бейбітшілік әкелетін дара жол - келіссөз жолын таңдауды" талап еткен.