Фото: Ақорда
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектіні ел экономикасына кеңінен енгізудің басым бағыттарын айқындап берді. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Мемлекет басшысы жасанды интеллектінің стратегиялық маңызы оның ауқымымен емес, нақты секторға қаншалықты тиімді ықпалдаса алуымен өлшенетінін атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі таңда технологиялық парадигмалар түбегейлі өзгеріп, жасанды интеллектіні нақты уақыт режимінде қолдану экономикалық өсімнің негізгі драйверіне айналып отыр.
Президент деректерді, өндірістік үдерістер мен адами ресурстарды біріктіретін біртұтас жүйе қалыптастырудың маңызын ерекше атап өтті. Мұндай инфрақұрылым құрылған жағдайда ғана пилоттық жобалардан асып, жасанды интеллектіні экономиканың барлық саласына енгізуге жол ашылатынын жеткізді. Сонымен қатар, жаһандық технологиялық бәсекеде бірде-бір ел бұл әлеуетті жеке дара толық игере алмайтынын ескертті.
Мемлекет басшысының сөзінше, Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңес экономика мен цифрлық платформалар саласында үйлестірілген тәсілдерді әзірлеу және озық тәжірибе алмасу үшін құрылған.
Осыған байланысты Президент Кеңестің келесі отырысында жасанды интеллектіні өнеркәсіпке енгізу мәселесін қарастыруды ұсынды. Оның пікірінше, өндіріс саласы – жоғары қосылған құны бар өнім шығаратын әрі жаңа технологиялар сыналатын негізгі алаң.
Бұл ретте тау-кен өнеркәсібі, энергетика, агроөнеркәсіп және логистика салаларындағы өнімділікті арттыру, шығындарды азайту және басқару тиімділігін жетілдіруге басымдық беру қажет екені айтылды.
Сондай-ақ индустриялық деректерді дамыту, өндірістің цифрлық телнұсқаларын енгізу және процестерді жаппай автоматтандыру арқылы стратегиялық міндеттерді нақты іске айналдыру мүмкіндігі артатыны атап өтілді.
