Фото: azh.kz
Атырауда жоғары лауазымды полиция қызметкерлеріне қатысты іс қоғам назарын аударды. Бұрынғы басшы қамауға алынып, тергеу ауқымы кеңеюі мүмкін, деп хабарлайды Ult.kz "Ақ Жайық" басылымына сілтеме жасап.
Атырау қалалық полиция басқармасының бұрынғы басшысы Бақтыбек Исаев тергеу изоляторына қамалды. Бұған дейін ол уақытша ұстау изоляторында болған.
Оның үстінен қылмыстық іс қозғалып, ішкі істер органдарынан теріс себептермен жұмыстан шығарылған.
Дереккөздердің мәліметінше, тергеу барысында лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану деректері тексеріліп жатыр. Алайда істің нақты құқықтық саралануы әзірге ресми түрде жарияланған жоқ.
Тергеу амалдары қылмыстық істер бойынша заттай айғақ ретінде тіркелген есірткі заттарына байланысты жүргізілуде. Алдын ала мәліметтерге сүйенсек, бұл іске әртүрлі деңгейдегі полиция қызметкерлерін қосқанда 17-ге жуық адамның қатысы болуы мүмкін.
Олардың қатарында облыстық есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының басшысы Әлішер Нұршаев пен полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік басқармасының басшысы Саламат Қалиев те аталады. Дегенмен, олардың процестік мәртебесі ресми түрде нақтыланбаған.
Тергеудің мән-жайы толық ашылмай отыр. Құқық қорғау органдары әзірге істің егжей-тегжейін жариялаған жоқ.
