Фото: instagram.com/swissembassykazakhstan
Қазақстандағы Швейцария елшілігінің уақытша сенімді өкілі Джорджио Помпилиомен Швейцарияның қазіргі геосаяси тұрақтылығы, Қазақстанмен ынтымақтастығы және әлеуметтік мәселелер, соның ішінде әйелдер құқықтарын қорғау тәжірибесі туралы Ult.kz тілшісі сұқбаттасты.
Әңгіме барысында Помпилио мырза халықаралық ұйымдардың рөлі, мультилатерализм және Швейцарияның көптілділігінің ерекшеліктері жөнінде де пікір білдірді.
Швейцария тұрақтылығы, бейтараптығы және тиімді мемлекеттік басқару жүйесімен танымал болғандықтан, әңгімемізді осы тақырыптан бастадық.
— Помпилио мырза, бүгінгі күрделі әрі тұрақсыз геосаяси жағдайда Швейцарияның тұрақтылық саясаты қаншалықты көмектеседі?
— Қазіргі күрделі геосаяси жағдайда Швейцария диалог орнатуға бейтарап алаң ұсына алады. Сонымен қатар, тұрақтылық пен бейтараптықтың арқасында біз кездесулер ұйымдастыруда және келіссөздер жүргізуге жағдай жасауда сенімді серіктес бола аламыз. Бұл бағыттағы ең үлкен артықшылығымыз — Женева қаласының халықаралық мәні. Бұл қалада көптеген халықаралық ұйымдар орналасқан, қонақжай инфрақұрылымы жоғары деңгейде дамыған және ғылым, экономика мен азаматтық қоғам салаларындағы түрлі сарапшыларға жедел қолжетімділік бар.
— Қазіргі таңда БҰҰ сияқты халықаралық ұйымдардың беделі төмендеп жатыр деген пікір бар.
— Иә, мұндай пікір бар. Алайда бұл ұйымдар ұсынатын мультилатерализм құралы бүгін де қажет. Егер түрлі тараптар бір үстел басына жинала алмаса, мәселелерді қалай талқылап, шешім табады? Мысалы, бүгін таңертең (30.03.2026) мен Алматыда виртуалды активтер арқылы ақшаны жылыстатуға қарсы күрес саласындағы Орталық Азиядағы ынтымақтастыққа арналған іс-шараның ашылуына қатыстым. Бұл шараны Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы ұйымдастырды, ал биыл оған Швейцария төрағалық етіп отыр. Егер мұндай ұйымдар болмаса осындай іс-шараларды кім ұйымдастырар еді?
Кейбір адамдар мультилатерализмді баяу немесе нақты нәтиже бермейді деп сынауы мүмкін. Бірақ бұл оны жоюға емес, керісінше жетілдіруге себеп болуы тиіс. Өйткені мультилатерализмнің мәні — елдер арасындағы диалогты қамтамасыз ету. Ал нәтижесі, сайып келгенде, ұйымға мүше мемлекеттердің өздеріне байланысты.
— Қазақстан мен Швейцария арасындағы қарым-қатынастың қазіргі жағдайы қандай және оны нығайту үшін қандай шаралар қабылданып жатыр?
— Қазақстанмен қарым-қатынасымыз өте жақсы. Біз Бреттон-Вудс институттары (Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банк сияқты жаһандық қаржы жүйесін реттейтін ұйымдар, ред.) аясында тығыз ынтымақтастық орнатқанбыз. Сонымен қатар, экономикалық байланыстарымызды одан әрі нығайтуды көздеп отырмыз.
Айта кету керек, өткен жылы екі ел арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Бұдан бөлек, Швейцария «Blue Peace Central Asia» жобасы (Орталық Азиядағы су ресурстары бойынша ынтымақтастықты дамытуға бағытталған бастама, ред.) арқылы Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан арасындағы трансшекаралық су ресурстары бойынша ынтымақтастықты дамытуға атсалысып келеді. Бұл бастама аясында Швейцария 22–24 сәуір күндері Астанада өтетін Аймақтық экологиялық саммитке белсенді қатысады. Саммит Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ұйымдастырылып отыр.
— Еліміздің бірнеше қаласында Франкофония көктемі фестивалі өтті. Баспасөз мәслихатында сіз фестиваль аясында швейцариялық «A bras le corps» («Во плоти») фильмі көрсетілетінін айттыңыз. Бұл фильм әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық тақырыбын көтереді екен. Бұл мәселе Қазақстанда да өзекті. Өткен жылы елімізде «Әйелдер құқығы туралы» заң қабылданды. Бұл туралы хабарыңыз бар ма?
— Иә, әрине. Қазақстан қоғамында әйелдер құқығы тақырыбы жиі көтерілетінін байқап отырмын. Біз бұл фильмді осы тақырыптағы қоғамдық талқылауларға өз үлесімізді қосу мақсатында таңдадық. Себебі бұл фильм Швейцариядағы дәл осы мәселені көтереді.
— Швейцарияда әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықпен қалай күреседі?
— Швейцария федеративті мемлекет болғандықтан, бұл салада негізінен кантондық билік органдары жауапты. Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық мәселесі бойынша ақпараттандыру науқандары жүргізіледі. Сонымен қатар, қиын жағдайға тап болған әйелдерге көмек көрсететін арнайы орталықтар бар.
Федералдық деңгейде бұл мәселе әділет және ішкі саясат салаларына қатысты болғандықтан (яғни екі түрлі министрлік жауапты), үкімет кешенді стратегия әзірлеуді тапсырды. Қазіргі уақытта Ыстамбұл конвенциясына негізделген іс-қимыл жоспары жүзеге асырылып жатыр.
— Швейцария төрт ұлттық және үш ресми тілі бар көптілді ел ретінде белгілі. Бұл халықтың бірлігіне кері әсер етпей ме?
— Біздің ұлттық бірегейлігіміз біркелкілікке емес, түрлі тілдік және мәдени қауымдастықтардың қатар өмір сүруіне негізделген. Швейцариялықтарды біріктіретін — саяси жүйе. Бізде жартылай тікелей демократияға негізделген федеративті басқару жүйесі бар. Біз шешімдерді мүмкіндігінше халыққа жақын деңгейде (қала, аймақ, мемлекет) қабылдау қағидатын ұстанамыз. Сондықтан Швейцарияны біріктіретін «желім» — тіл немесе дін емес, халықтың бейбіт өмір сүруге деген ортақ ұмтылысы. Ал бұл біздің теңгерімді саяси жүйеміз арқылы қамтамасыз етіледі.
— Сұқбатыңызға рақмет!
Балжан Жеңісқызы
