07 сәу, 2026 сағат 12:06

Бас прокуратурадан қатаң ескерту: жалған ақпарат үшін жауапкершілік күшейеді

 

Фото: anatili.kazgazeta.kz


Бас прокуратура қазақстандықтарды заң талаптарын сақтауға және әлеуметтік желілерде ақпараттық гигиенаны ұстануға шақырды, деп хабарлайды Ult.kz.

 

Ведомствоның мәліметінше, қазіргі цифрлық кеңістікте тексерілмеген ақпарат пен «цифрлық қауесеттердің» таралуы қауіпті үрдіске айналған. Көп жағдайда пайдаланушылар деректердің растығына көз жеткізбей, тек назар аудару үшін жариялай салады.

 

Прокуратура өкілдері мұндай әрекеттердің салдары ауыр болуы мүмкін екенін ескертті. Жалған ақпарат қоғамда дүрбелең туғызып, азаматтардың абыройы мен іскерлік беделіне нұқсан келтіруі, сондай-ақ мемлекеттік институттардың жұмысына кері әсер етуі ықтимал.

 

Сонымен қатар интернетте толық анонимдік жоқ екені атап өтілді. Заманауи технологиялар кез келген жарияланымның авторын анықтауға мүмкіндік береді, ал заңға қайшы әрекеттер үшін жауапкершілік қарастырылған.

 

Ведомство азаматтарды жазба немесе пікір жарияламас бұрын оның салдарын ойлауға шақырады. Жала жабу, қорлау және көрінеу жалған ақпарат тарату заң алдында жауап беруге әкеледі.

 

Бас прокуратура сөз бостандығы шексіз ұғым емес екенін еске салды. Кез келген ақпарат тексерілген деректерге негізделуі тиіс және басқа адамдардың құқықтарын бұзбауы қажет.

 

Қадағалау органы негізгі мақсат – жазалау емес, құқық бұзушылықтардың алдын алу екенін атап өтті.