26 нау, 2026 сағат 18:17

АҚШ пен Иран арасындағы соғысты тоқтату: Вашингтон 15 тармақтан тұратын жоспар дайындады

Фото: ашық дереккөз

АҚШ Иранмен бір айлық "шеңберлік келісімге" келу бағытында жұмыс істеп жатыр. Осы уақыт ішінде соғысты тоқтату бойынша келіссөздер жүргізіледі. Бұл туралы Израильдің 12-арнасы үш дереккөзге сілтеме жасап хабарлады.

Мәліметке сәйкес, Газадағы ХАМАС пен Ливандағы "Хезболлаға" қатысты жағдайдағыдай, бұл тетікті әзірлеумен Трамптың арнайы өкілдері Уиткофф пен Кушнер айналысып жатыр.

Жоспар бойынша, бір айлық бітім жарияланғаннан кейін Вашингтон мен Тегеран соғысты толық тоқтатуға арналған 15 тармақтан тұратын жоспарды талқылай бастайды. АҚШ ұсынған шарттар төмендегідей:

▪️ Жиналып қалған ядролық әлеуетті толық жою;
▪️ Иран ешқашан ядролық қару әзірлемейтіні туралы міндеттеме қабылдау;
▪️ Иран аумағында уран байытуға тыйым салу;
▪️ Байытылған барлық материал тараптар келісетін кесте бойынша МАГАТЭ-ге беріледі;
▪️ Натанз, Исфахан және Фордо нысандары жабылып, жойылады;
▪️ МАГАТЭ-ге Иран аумағындағы барлық ақпаратқа толық қолжетімділік беру;
▪️ Аймақтағы прокси топтарды қаржыландыру мен қаруландыруды тоқтату;
▪️ Ормуз бұғазында еркін кеме қатынасын қамтамасыз ету, оны бұғаттауға тыйым салу;
▪️ Зымырандардың саны мен ұшу қашықтығын шектеу (нақты параметрлер кейін талқыланады);
▪️ Болашақта қаруды тек қорғаныс мақсатында пайдалану.

Өз кезегінде Иран мынадай жеңілдіктер алады:
▪️ Барлық санкциялардың күшін жою;
▪️ Бушердегі бейбіт атом энергетикасын дамытуға көмек (электр энергиясын өндіру үшін);
▪️ Халықаралық санкцияларды автоматты түрде қайта енгізу қаупін алып тастау.

Аталған сценарий Израильде алаңдаушылық туғызуда. Себебі Тегеран негізгі мәселелер толық шешілмей-ақ қақтығысты тоқтатып, "ұтып кетуі мүмкін" деген қауіп бар. Сонымен қатар, арна Иранның бұл шарттарға келісу ықтималдығы төмен екенін атап өтеді. Дегенмен АҚШ пен Иран жалпы бір шеңберлік келісімге келіп, нақты тетіктерін кейінге қалдыруы да мүмкін екені айтылып отыр.