26 нау, 2026 сағат 11:14

Алматыдағы көлік жарысы: мыңдаған жүргізуші жауапқа тартылды


Фото: Алматы Полиция департаменті


Алматы қаласының полиция департаменті көшедегі заңсыз көлік жарыстары мен қауіпті жүргізудің алдын алу үшін қалада жаппай рейд жүргізіліп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ult.kz.


Полиция дерегіне сәйкес, небәрі үш тәуліктің ішінде 5 мыңнан астам жол қозғалысы ережесін бұзу фактісі анықталған. Мас күйінде көлік басқарған 43 жүргізуші ұсталып, барлығы көлік жүргізу құқығынан айырылды. Сонымен қатар 369 адамның көлікті тиісті құжаттарсыз басқарғаны белгілі болды. Оның ішінде 94 автокөлік арнайы айып тұрағына қойылған.


Полиция қызметкерлері қауіпті жүргізу, соның ішінде түнгі көше жарыстарын ұйымдастыру деректерін де анықтаған. Жылдамдықты шамадан тыс арттырудың 2 мыңнан астам фактісі тіркелген.


– Кейбір жүргізушілер құқық бұзушылықтарын әдейі бейнежазбаға түсіріп, әлеуметтік желілерге жариялайды. Алайда мұндай әрбір дерек бақылауда, құқық бұзушылар анықталып, заң аясында жауапқа тартылады, – деп мәлімдеді полиция департаменті.



Тәртіп сақшылары мұндай жағдайлардың бірі әл-Фараби даңғылында болғанын атап өтті. Жүргізуші көлігін сағатына 250 шақырым жылдамдыққа дейін үдеткен. Ол жедел түрде ұсталып, сот шешімімен 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.