Фото: mgorod.kz
Мессенджерлерде Батыс Қазақстан облысындағы ауылдардың біріне жақын маңда ұшқышсыз ұшу аппараты құлағаны туралы ақпарат пен суреттер тарады. Бұл мәліметті өңірлік Полиция департаменті растады, - деп хабарлайды Ult.kz "Мой Город" басылыман сілтеме жасап.
Ведомствоның хабарлауынша, нысан Ақжайық ауданында табылған. Алдын ала мәлімет бойынша, табылған заттар сырттай қарағанда ұшқышсыз ұшу аппаратының бөлшектеріне ұқсайды.
Полиция нысан елді мекендерден тыс аумақтан табылғанын нақтылады. Қазіргі уақытта оқиға бойынша тексеріс жүргізіліп жатыр. Мамандар табылған нысанның нақты не екенін және оның қалай құлағанын анықтауда.
Айта кетейік, бұған дейін де Батыс Қазақстан облысында ұшқышсыз ұшу аппараттарының құлау деректері тіркелген. 2025 жылдың наурыз айында Жәнібек ауданында белгісіз дронның сынықтары табылып, ол кезде де полиция тексеріс жүргізілгенін хабарлаған болатын.
