26 нау, 2026 сағат 11:10

Чаттар бақылауда ма? Ресми орган қауесетке нүкте қойды


Фото: Getty Images Russia


Әлеуметтік желі мен мессенджерлердегі жеке хат алмасу «бақылауға алынғаны» туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Бұл туралы Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы мәлімдеді, деп хабарлайды Ult.kz.


Орталықтың хабарлауынша, соңғы күндері әлеуметтік желілерде Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігі барлық пайдаланушыларды «жаппай аңдуға кірісті» деген мазмұнда негізсіз ақпарат тараған.


Алайда іс жүзінде Агенттік ұсынған интернеттегі тыйым салынған контенттің таралуына қарсы іс-қимыл жөніндегі Қағидалар тек ашық әрі жалпыға қолжетімді деректерге ғана қатысты. Атап айтқанда, қаржы пирамидаларын жарнамалау, онлайн-казино мен заңсыз лотереяларды насихаттау сияқты жарияланымдар мен репосттар ғана мониторингке алынады.


Құжатта азаматтардың жеке хат алмасуын бақылау туралы ешқандай норма жоқ. Мұны Қаржылық мониторинг агенттігі бұған дейін де бірнеше рет ресми түрде түсіндірген.


– Жеке хабарламаларды «бақылау» туралы мәлімдемелер шындыққа жанаспайды және қоғамды әдейі жаңылыстыру болып табылады, – делінген ресми хабарламада.


Орталық БАҚ өкілдері мен цифрлық контент авторларын ақпаратты жариялауда жауапкершілік танытуға, фактілерді бұрмаламауға және азаматтардың шынайы ақпарат алу құқығын құрметтеуге шақырды.