25 нау, 2026 сағат 19:40

Боао форумында Қазақстан мен Қытай өкілдері кездесті

Фото: Үкімет

ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы Чжао Лэцзимен кездесті. Кездесу Боао Азия форумы аясында Хайнань провинциясының Боао қаласында өтті, деп хабарлайды Ult.kz.

Тараптар Қазақстан мен Қытай арасындағы парламентаралық байланыстардың даму қарқынын жоғары бағалап, сауда-экономикалық ынтымақтастықтың тұрақты өсіп келе жатқанын атап өтті. Әсіресе инвестиция, көлік және энергетика салаларындағы өзара іс-қимылдың маңыздылығына назар аударылды.

Кездесу барысында Роман Скляр қытайлық әріптесін «екі сессияның» табысты өтуімен және Қытайдың 2026–2030 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму жоспарының қабылдануымен құттықтады. Сондай-ақ ол Қазақстанда өткен республикалық референдумның нәтижелері туралы айтып, оның елдің болашақ дамуы үшін маңызын атап өтті.

Өз кезегінде Чжао Лэцзи Қытай тарапы Қазақстанмен мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестікке ерекше мән беретінін жеткізді. Ол Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларға және Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамаларына қолдау білдірді.

Кездесу қорытындысында тараптар Біріккен Ұлттар Ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, АӨСШК және «Орталық Азия – Қытай» форматтарындағы өзара іс-қимылды одан әрі күшейтуге мүдделі екенін растады.