Фото: СІМ
Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев Ресейдің Усть-Луга вахталық ауылында болған жаппай төбелеске қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ult.kz.
Оның айтуынша, қазір бұл жерде жұмыс істеп жатқан Қазақстан азаматтарына ешқандай қауіп жоқ.
Ведомство дерегінше, аталған вахталық ауылда 4 мыңнан астам қазақстандық жұмыс істейді. Олар вахталық әдіспен еңбек ететіндіктен, құрам үнемі ауысып отырады.
Ержан Ашықбаевтың айтуынша, төбелес кезінде медициналық көмек қажет ететіндей ауыр жарақат алған Қазақстан азаматтары тіркелмеген. Қазіргі уақытта үш азамат тергеуге алынған, істі Ресейдің құзыретті органдары қарап жатыр.
– Бүгінде қазақстандықтар штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Оларға ешқандай қауіп жоқ. Бұл тұрмыстық сипаттағы жанжал, кінәлілер анықталып жатыр, – деді министрдің бірінші орынбасары Мәжілістің жалпы отырысынан кейін.
Еске салайық, 2026 жылғы 26 наурызда Ленинград облысындағы Усть-Луга вахталық ауылында тұрмыстық жанжал болып, оған Қазақстан азаматтары да қатысқан.
