Фото: instagram / adiletkhan
Алматыда 1 миллионға жуық оқырманы бар танымал заңгер-блогер Әділетхан Молдахан ұсталды, деп хабарлайды Ult.kz.
Бұл ақпарат алғашында әлеуметтік желіде тараған болатын. Кейін Алматы қалалық Полиция департаменті ресми түрде растады.
Ведомство мәліметінше, азаматқа қатысты «көрінеу жалған ақпарат тарату» фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған. Қазіргі таңда күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалып, іс бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.
Әділетхан Молдахан әлеуметтік желілерде құқықтық тақырыптағы бейнежазбаларымен кеңінен танылған. Соңғы уақытта оның әл-Фараби даңғылында болған жантүршігерлік жол апаты туралы жариялаған видеолары қызу талқыланған еді.
Еске сала кетейік, 21 наурызға қараған түні Zeekr көлігінің жүргізушісі қарсы бағытқа шығып кетіп, Mercedes автокөлігімен соқтығысқан. Қайғылы оқиға салдарынан Mercedes жүргізушісі мен екі жолаушысы оқиға орнында қаза тапты. Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігімен іс қозғалып, 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Ішкі істер министрі Ержан Саденов бұл жол апатынан кейін бірқатар басшылар қызметінен босатылғанын мәлімдеді.
