13 сәу, 2026 сағат 12:09

Инвестиция емес, иллюзия: Алматыда қаржы пирамидасы әшкереленді


Фото: gov.kz


Алматыда “жеңіл табыс” уәдесіне сенген ондаған азамат ірі қаржылық шығынға ұшырады. Қаржылық мониторинг агенттігінің қалалық департаменті «Boxy Wealth» атты қаржы пирамидасын ұйымдастыру ісі бойынша тергеуді аяқтады, деп хабарлайды Ult.kz.


Тергеу деректеріне сәйкес, күдікті бір жыл бойы Алматы аумағында жобаның құрылымдық бөлімшесін басқарған. Жүйе арнайы сайт пен мессенджерлер арқылы жұмыс істеген. Алдымен «Күнделікті табыс» чатында халық тұтынатын тауарлар жайлы ақпарат таратылып, кейін пайдаланушылар инвестициялық платформаға тартылған.


Жобаға қатысу үшін азаматтарға түрлі “пакеттерді” сатып алу ұсынылған. Оның есесіне күніне 5–10% табыс уәде етілген. Сонымен қатар жаңа қатысушыларды шақырғандарға бонус беретін рефералдық жүйе іске қосылған.


Қаражаттар жеке тұлғалардың банк шоттары арқылы қабылданып, кейін P2P операциялармен криптовалютаға аударылып отырған. Сенім тудыру үшін компания ресми тіркеліп, кеңсе ашып, жарнама жүргізіп, жалған “табыс көрсеткіштерін” көрсеткен.


Нәтижесінде 78 азамат 110 млн теңгеден астам қаржысынан айырылған.


Күдікті қамауға алынып, сот шешімімен оның Алматыдағы жер учаскесіне тыйым салынды. Қылмыстық іс сотқа жолданды.


Қаржылық мониторинг агенттігі азаматтарды инвестициялық ұсыныстарға сақтықпен қарауға шақырып, кез келген жобаның заңдылығын мұқият тексеруді ескертті.


Айта кетейік, бұған дейін Алматыда «NBC TV» атауымен белгілі тағы бір қаржы пирамидасына қатысты іс қозғалған болатын.