13 сәу, 2026 сағат 12:12

Жалған құжатпен “заңдастыру”: Шымкентте қылмыстық схема тоқтатылды


Фото: ІІМ


Шымкентте заңсыз көші-қон арнасын ұйымдастырған қылмыстық топтың әрекеті әшкереленді. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.


Тергеу мәліметінше, күдіктілер шетел азаматтарының Қазақстан аумағына келуін ақылы түрде ұйымдастырып, оларды заңсыз жолмен “заңдастырумен” айналысқан.


Арнайы операция барысында 28 тінту жүргізілді. Нәтижесінде ондаған шетелдік паспорт, байланыс құралдары, түрлі құжат бланкілері мен жалған еңбек шарттары тәркіленді. Сондай-ақ ірі көлемдегі ақша мен тіркелмеген қару табылған.


Қылмыстық топтың ұйымдастырушысы уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ал бұл схемаға қатысы бар 13 адам полицияға жеткізілді. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.


Ішкі істер министрлігі көші-қон заңнамасын бұзу жауапкершіліксіз қалмайтынын ескертіп, мұндай заңсыз арналардың жолын кесу жұмыстары жалғасатынын мәлімдеді.


Айта кетейік, бұған дейін Алматыда көші-қон талаптарын бұзған 21 шетел азаматы елден шығарылған болатын.