Фото: tiek.kz
Алты жылға бас бостандығынан айырылған Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары Жақсылық Омар сот үкімімен келіспей, апелляциялық шағым түсірді, деп хабарлайды Ult.kz.
ШҚО сотының мәліметінше, іс әлі апелляциялық сатыға толық берілмеген.
Еске салайық, 3 сәуірде Өскемен қаласының №2 соты Жақсылық Омарды кінәлі деп танып, 6 жылға бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу жазасын тағайындаған. Ол сондай-ақ өмір бойына мемлекеттік және квазимемлекеттік секторда қызмет ету құқығынан айырылған.
Іс материалдарына сәйкес, айып екі эпизодтан тұрады. Соның бірі – әкім қызметі кезеңінде автокөлікке қатысты заңсыз әрекеттер. Тергеу дерегінше, 2021 жылғы Toyota Camry үшінші тұлғаға рәсімделіп, кейін басқа көлікке айырбасталған, ал шығын 13 млн теңге деп бағаланған.
Жәбірленуші сотта шығын өтелгенін айтып, талап қоймаған.
