01 мау, 2022 сағат 20:09

Тоқаев Білім және ғылым министрлігін екі ведомствоға бөлуді ұсынды


Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Білім және ғылым министрлігін екі ведомствоға бөлуді ұсынды, - деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Оның бірі жоғары білім және ғылым мәселелерімен айналысатын болады. Жалпы, мен атап көрсеткен шешімдер қазақстандық ғылымды кешенді дамытуға, оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және елдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық прогресіндегі үлесіне бағытталған», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық ғылым академиясының 75 жылдығына арналған салтанатты сессияда сөйлеген сөзінде.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы ғылыми зерттеу жұмыстарының сапасын арттыру мүмкіндіктеріне де тоқталды.

«Бұған қоса ғылыми-зерттеу жұмыстарының сапасын айтарлықтай деңгейде көтеруге мүмкіндік беретін Ұлттық дәйексөз алу жүйесін құруымыз қажет деп есептеймін. Бұл қадам қазақстандық ғылыми журналдардың әлеуетін нығайтуды талап етеді», - деді Президент.