28 қаз, 2024 сағат 10:26

Тель-Авив маңында жүк көлігі аялдамаға соғылды

Фото: Itai Ron/Flash90

Жексенбі күні Израиль орталығындағы үлкен қиылыста жүк көлігі автобус аялдамасына соғылып, ондаған адам жарақат алып, бір адам қаза тапты. БАҚ мәліметінше, полиция мұны әдейі жасалған шабуыл деп санайды. Жүргізуші оқиға орнында атып өлтірілді.

Times of Israel басылымының хабарлауынша, Глилот әскери базасының жанында жүк көлігі автобус аялдамасына соғылып, бір адам қаза тауып, 32 адам жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Бұл Тель-Авивтің солтүстігінде орналасқан Израиль Қорғаныс армиясының оқу базасы.

Алтауы ауыр халде, бесеуі орташа, жиырмасы жеңіл жарақат алған, тағы төртеуі стресс алып қалған, деп мәлімдеді дәрігерлер.

Times of Israel мәліметінше, жарақат алғандардың көбі қарт адамдар, олар жақын маңдағы музейге бара жатқан кезде автобустан түскен. Олар 2023 жылы 7 қазандағы ХАМАС-тың Израильге жасаған шабуылының жылдығын атап өтуге жиналған. Haaretz газетінің жазуынша, жедел жәрдем қызметінің өкілі бұл адамдардың әскери базаға бармақ болғанын хабарлады.

«Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы тексерілуде», - деп мәлімдеді полиция.


Times of Israel хабарлағандай, Тель-Авив маңындағы жүк көлігінің соғылуы теракт болуы мүмкін деген күдік бар.

Полицияның мәлімдеуінше, аялдамаға соғылған жүк көлігінің жүргізушісі белгісіз қаруланған адамдар тарапынан атып өлтірілді.

Израиль телеарналары полицияның аймақты қоршауға алғанын, ал төтенше жағдай қызметкерлері зардап шеккендерге көмек көрсетіп жатқанын көрсетті. Оқиға орнында тікұшақ қалықтап тұрды.

«Қазіргі уақытта МДА жедел жәрдем дәрігерлері мен парамедиктер ондаған зардап шеккендерге көмек көрсетуде», - делінген Израиль төтенше қызметтерінің мәлімдемесінде.


Бұған дейін Израиль Иранға әуе соққыларын жасағанын жазғанбыз.