15 нау, 2017 сағат 08:24

Соқыр сенімдегілер әрекеті - заңға томпақ

Қазақстан Республикасы өзінің Ата Заңы бойынша мемлекет құрылымының зайырлылық сипатын бекітті, яғни Конституция арқылымемлекеттің зайырлы, ашық, құқықтық мемлекет ретінде орнықтыратынын, оның ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары екенін айшықтады. Конституциялық негіздегі «зайырлылық» ұғымы азаматтардың ар-ождан бостандығын қамтамасыз ететінін, дін мен мемлекеттік саясатты араластырмайтынын, зайырлылықтың дінсіздік не болмаса дінді терістеушілік емес екенін, мемлекеттің құқықтық қағидаттармен басқарылуын білдіреді. Конституция барлық заңнаманың бастау көзі болып табылатындықтан оған бағыну - барша азаматтың міндеті.

Алайда соңғы жылдары еліміздің аумағында орын алған діни сипаттағы келеңсіз оқиғалардың мемлекетіміздің конституциялық құрылымына, заңда көрсетілген зайырлылық қағидаттарына қарсы бағыт алғанын білеміз. Бұл оқиғаларға себеп болып, заңсыз әрекетке барғандардініміз бен дәстүрімізге жат, теріс пиғылды ағым өкілдері болатын.   

Осындай теріс пиғылды ағымдардың бірі болып табылатын салафизм идеологиясын ұстанушылар Конституциямызда көрсетілген мемлекеттің зайырлылық қағидаттарын мойындамайды. Олар адамдарды исламдық заңдармен басқарылмайтын барлық қоғамнан оқшаулануға шақырады. Яғни, ел тек исламдық заңдармен басқарылуы керек ген қағиданы ұстанып, өздерін ғана шынайы ислам дінінің ұстанушылары деп санайды. Осылайша, қоғамның этно-мәдени және конфессиялық үйлесімін бұза отырып, үкіметке қарсы шығуға, мемлекетті құлатуға бағытталған көзқарастарды қалыптастырады.

Олардың идеологиясының ықпалына түскен азаматтар өз елінің діни-рухани мұраларынан бас тартып, адамгершілік, кішіпейілділік, жанашырлық, отансүйгіштік секілді қасиеттерден алшақтай бастайды. Олар өздері өмір сүретін қоғамдағы басқа конфессияның өкілдеріне, басқа діни көзқарастағы адамдарға төзімсіздікпен, жек көрушілікпен қарай бастайды. Тіпті, олар өз отбасынан, елінен оқшауланып, мемлекеттің зайырлылық қағидаттарына негізделген құрылымын құлатуды мақсат тұтады. Яғни, олардың қатарынан өз Отанынан баз кешіп, оған қарсы шығуға, не болмаса Отанын тастап басқа жақты «жұмақ» санайтын адамдардың табылуы таңданарлық жағдай емес.

 Салафизмнің басты идеологы Мұхаммад ибн Абдуль Уаһһаб исламға жатпайтын заңдар мен құқықтық жүйелерге бағынуды күпірлік деп, ондай заңдар арқылы үкім ететіндерді «кәпір» санаған. Тәкфір үкімі үкімі тек жеке адамдарға ғана емес, сонымен қатар билік өкілдеріне, оның ішінде мемлекет қызметкерлеріне, қарулы күштер мен құқық қорғау органдары өкілдеріне де қатысты шығарылады. Салафилердің түсінігінше шариғат заңдарымен басқарылмайтын мемлекет «тағұт» мемлекеті деп аталады.

Салафилік идеологияны ұстанушылардың зайырлылық қағидаттарына қатысты көзқарастарын былай көрсетуге болады:

-зайырлы мемлекет басшысын кәпір деп айыптайды;

- кез келген зайырлы билікті «тағұт» деп қабылдайды. Зайырлы мемлекет билігінің барлық өкілдерін және заңға бағынушы қарапайым азаматтарды «кәпір» немесе «пұтқа табынушы» деп айыптайды;

- діни көзқарасқа байланысты кейбір азаматтық міндеттерден (мектепке бару, әскери борышты өтеу т. б. ) бас тартады;

- зайырлы өмір салтына тән үрдістерден (теледидар қарау, музыка тыңдау, суретке түсу, мерекелер мен туған күнді атап өту т. б. ) бас тартады.  

Бүкіл қоғамды кәпірге шығарғаннан кейін олар «кәпір» деп айыпталған өз еліне қарсы «жиһад» жариялау немесе нағыз ислам мемлекетіне «хижрет» жасау әдістерінің бірін қолданады. Алайда, олардың бұл әдістері дәстүрлі ислам қағидаттарымен еш жанаспайды. Себебі, мемлекет құрылымы ислам құндылықтарына негізделмесе де, діни құлшылық пен діни жоралғылардың  жүзеге асуына рұқсат беретін саяси жүйе «дарул-сулх», яғни, дінге бейбіт ұстаныммен қарайтын мемлекет деп аталады. Ал, діни ғұрыптардың орындалуына мемлекеттік тұрғыда тиым салатын саяси жүйені кәпірстан деп айтады. Алайда, мұсылмандық құлшылық пен рәсімдердің жүзеге асуына рұқсат беретін қазіргі зайырлы Қазақстанда діннің өзіндік орны бар. Дін мемлекеттен бөлінгенімен, қоғамнан, халықтың болмысынан, тұрмыс-тіршілігінен бөлінбейді. Дін – ішкі саясаттағы және қоғам азаматтарының рухани өмірі мен мәдениетіндегі аса маңызды факторлардың бірі. 2011 жылы қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы Заңның преамбуласында да ханафи бағытындағы исламның және православтық христиандықтың халықтың рухани өміріндегі тарихи рөлі мойындалатындығы атап көрсетілді.

Сондықтан да діни білім алуға да, діни рәсімдер мен құлшылықтардың атқарылуына да шек қойылмаған Қазақстанды тастап, «таза ислам елін» іздеп, елден ауа көшуге еш негіз жоқ. Себебі, Қазақстан исламдық тұрғыдан жіктегенде «дарул-аһд», яғни конституциялық заңдары діни бірлестіктердің қызметіне шектеу қоймайтын мемлекет болып табылады.

Діни ұғымдарды бұрмалауға, негізсіз айыптауларға жол беретін көзқарастардың барлығы Ата заңымызда көрсетілген зайырлылық ұстанымының мәнін түсінбеушіліктен, оның елдің жарқын болашағы үшін, халықтың келісім мен бейбітшілікте өмір сүруіне негізделген қағида екенін түсінбеушіліктен туындаған көзқарастар деп бағалауға болады. Мұның негізі діни сауатсыздықта жатыр. Салафилік ағым өкілдері де осындай діни білімі таяз азаматтарды жоғарыда көрсетілген ұстанымдарға сендіре отырып, өз қатарларына тартуда. Шын мәнінде мұның барлығы ислам қағидаттары мен ұстанымдарын қате түсіндіруден және ұғымдарды бұрмалаудан туындайды.

Сондықтан да қазіргі кездегі ең өзекті мәселе діни сауаттылықты арттырып, Атазаңымызда атап көрсетілген мемлекетіміздің негізгі басым бағыты саналатын зайырлылықты дұрыс ұғындыру болып отыр.

Қазақстанның зайырлылық сипаты діни бөлінушілік пен жіктелуге тосқауыл қойып, Қазақстан қоғамында толеранттылық пен келісімнің орнауына, ұлттар мен конфессиялардың бейбіт өмір сүруін қамтамасыз ететін құндылық. Мемлекет пен дін арасындағы байланыстар зайырлы және рухани-діни құндылықтардың арақатынасы негізінде орныққан.

 Еліміздің барлық салада дамып-көркеюінің, биік белестерге жетіп, құқықтық мемлекет ретінде қалыптасуы - Ата Заңымыздың арқасы. Ата Заң әрбір мемлекеттің ұстанымын, ұлттық құндылығын айқындайтын негізгі құжат болып табылады. Батыр бабаларымыздың білегінің күшімен, найзасының ұшымен қорғалып жеткен жерімізді, елімізді, Отанымызды қорғау -әрбіріміздің қасиетті борышымыз. Ислам дінінде Отанды, туған жер мен елді қорғау қасиетті ұғым болып саналады. «Отанды сүю - иманнан» деген сөздің өзі осыны айғақтайды. Сондай-ақ, «Екі көз ақыретте тозаққа күймейді: біріншісі күнәсына өкініш білдіріп, оңашада егіліп жылаған көз, екіншісі Отанды қорғап шекара күзеткен көз» деген хадис те көп нәрсені аңғартса керек. Ал, басқа жерді өз елінен артық көріп, өз Отанын тастап, жұмақ іздеп желіккендердің әрекетін асыра сілтеушілік немесе адасушылық деп бағалаған жөн болар.

 Қазіргі қол жеткізіп отырған егемендігіміз бен жеріміздің сақталып қалуы жолында бізге дейінгі буын қаншама ерен еңбектер атқарды, осы жолда қаншама алаш зиялылары күрес жүргізді. Олардың қазақ елін, қазақ жерін жоққа шығаруға бағытталған қаншама әрекеттерге тойтарыс беріп, ұлан байтақ жерімізді қалай қорғағанына тарих куә. Ендігі жастар осы «тәуелсіздік» және Елбасымыз көрсеткен «мәңгілік ел» ұғымдарын саналарына сіңіріп, қастерлеуге міндетті. Өйткені, әрбір адамның жапырақ жайып, өркендейтін жері - өз Отаны. Сондықтан да тәуелсіз еліміз бен жерімізді, оның заңдарын құрметтеуге міндетті екендігімізді сезіне отырып, халық арасына бүлік салып, арандатқысы келетіндерге осы құндылықтарымызды аяқ асты таптатпауға күш салуымыз керек.

Теңлібаева Жанар Қантемірқызы,

ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істері комитеті Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының жетекші ғылыми қызметкері

Ұлт порталы