Қазақстанда мамырда көктемгі атмосфералық процестер жазғы түріне ауысады. Алайда ұзақ жылудан кейін, суық ауа райы оралуы мүмкін, ал түнгі уақытта тіпті үсіктер жүру ықтималдығы жоғары, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі "Қазгидромет" РМК орталығына сілтеме жасап.
Сәуірден мамырға қарай Қазақстан Республикасының солтүстік жартысында, сонымен қатар, оңтүстік және оңтүстік-шығысының таулы және тау бөктеріндегі аудандарында жауын-шашын мөлшері көбейеді.
"Мамырдың бірінші күні республиканың басым бөлігінде +20+28 градус, оңтүстігінде +33 градусқа дейін жазғы ыстық ауа райы сақталады. ҚР солтүстік-батыс бөлігінде циклондардың өтуімен жаңбыр, кей уақытта күшті, екпінді жел, дауыл, бұршақ және ауа температурасының төмендеуі күтіледі. Кейінен осындай ауа райы Қазақстанның басқа аудандарында да болады", - делінген хабарламада.
Айдың бірінші жартысында циклондар мен антициклондар ауысып, ауа-райы тұрақсыз сипатта болады және ауа температурасының ауытқуы болжанады:
- республиканың батысында түнде +3+13 градус, өңірдің солтүстігінде 3 градус үсіктен +8+15 градус, күндіз +10+20 градустан +18+25 градусқа дейін;
- еліміздің солтүстігінде, орталығында және шығысында түнде +5+15 градустан 0,+7 градусқа дейін, кей уақытта 1-6 градус үсік, күндіз +18+25 градустан +8+18 градусқа дейін;
- оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында түнде +10+20 градустан +5+15 градусқа дейін, күндіз +23+33 градустан +15+22 градусқа дейін.
Айдың екінші жартысында Иран аудандарынан жылы ауа массаларының қарқынды шығарылуы нәтижесінде, республиканың солтүстік жартысында ауа температурасының біртіндеп +25+35 градусқа дейін, ал оңтүстік жартысында +30+35 градус, қиыр оңтүстік пен оңтүстік-батыста +40 градусқа дейін жоғарылауы болжанады.
Мамырдың екінші жартысының жекелеген күндері атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты найзағай мен жаңбыр болжанады, аптап ыстықтың күндіз +20+25 градусқа дейін аздап төмендеуі күтіледі. Оңтүстік өңірлерде де қысқа мерзімді жаңбыр, найзағай болады, дегенмен температуралық фон басым түрде жоғары болуы болжанып отыр.