Біздің ұлттық тарихымызда және рухани мәдениетімізде ерекше орын алатын жыраулар тұлғасы несімен асқақ еді?! Халықтың жадынан берік орын алған, жүрегінің түкпіріне мәңгі ұялаған, елдік туын көтерген айрықша тұлғалардың ерлігі мен ерен еңбегін жырлауымен, сол жырды ұрпаққа құнды қазына ретінде қалдыруымен асқақ еді. Аттың жалы, түйенің қомында жүріп тіршілік кешкен көшпендінің арман-мұраты, аңсары, мінезі, қайраты мен қажыры, жаужүректігі бізге жыраулардың толғауы һәм эпостық мұралары арқылы етене таныс. Ежелгі күннен бүгінгі таңға дейін қазақтың рухани күре тамыры болған жыраулық өнер қаншама қымбат дүниені тудырып, ұлт рухының нәрленуіне ықпал етсе, солардың бүгінгі мысалы ретінде Алмас Алматовтың жыр-дастандарын айтуға болады.
«Шыңғыс-нама» – ел жадындағы ерекше болмысты жан, күллі әлемді даңқымен жалт қаратқан әйгілі Шыңғыс хан тұлғасын тарихи деректер мен аңыздар оқиғасынан өрбіте отырып барынша терең танытқан тарихи дастан. Поэтикалық дәстүрімізде бар жыр жолдарының мінәжат түрін еске салатын сөз басында мұсылмандық дәстүрге сәйкес Жаратушыдан медет тілеген жыраудың арғы-бергі тарихқа қатысты ой-толғамы өрнектелген. Ары қарай «Әлқисса» тізгінді өз қолына алып, Шыңғыс хан тарихы туралы термелеп өтеді. Ұлы қаған туралы айтылған, жазылған дүниелер тілге тиек болып, хандар тарихы тарқатылады.
Тарихи дастан құрылымынағы «Шыңғыс ханның ата-бабалары жөніндегі әпсана», жыраудың өзі көрсеткендей, «Алтын шежіре» желісі бойынша поэзия тілінде баяндалған. Осылай бастау алған тарихи дастан «Добу мергеннің Алаң сұлуға үйленуі», «Есукей батырдың татарлармен соғысы» желісімен жалғасады. Дастан баянындағы ерекше тұрған үзік –«Шыңғыс ханның дүниеге келуі» аузыша дәстүрге сай аңыздық-әпсаналық мәнімен ерекшеленеді. Эпос дәстүріндегі «ғажайып туу» мотиві дастанда ел аузында айтылған және жазба шежірелерден орын алған желіден өрбітілген. Қара тасты айнала ұшқан кішкентай құстың белгісімен Есукей қара тасты қақ жарғанда аспанға бір алтын таңба ұшып, екінші қайтара шапқанда күміс таңба көлге түседі. Құстың белгісімен үшінші рет тасты жарғанда:
Құдіретті «Хасбу»* таңба шыға келді,
Көк Тәңірім өрнектеген бедер салып, -
деп толғайды жырау. Осылайша Шыңғыстың даңқты болашағы белгі етіледі. Дастан оқиғасы хронологиялық ретпен түзілген. «Есукей батырдың өлімі», «Темүжіннің Бөрте Қызға үйленуі және Керей Уаң ханмен (Тұғырыл хан) одақтасуы», «Әуелін-бегім мен Бөрте ханымның жау қолына түсуі» атты бөлімдерде Шыңғыс ханның жеке өміріне қатысты және ел өміріне қатысты оқиғалар бір-бірімен тығыз поэтикалық байланыста жырланған. Шежіре жазба баяндары мен ауызша дәстүрдегі баяндаулар тоғысқан өлең-жыр жолдары оқиғаны жыр тілімен жеткізгенде шебер үйлесіп, оқырманын да, тыңдарманын да баурайды.
Әйгілі қағанның тарихи жорықтары жырланған және тұлғалық даралығы паш етілген «Темүжіннің Тайшы, Меркіттерді шабуы (1179ж)», «Шыңғыс ханның Меркіттерге жорығы», «Темүжіннің досы Жамұқадан бөлінуі» «Ұлыстың іргесін қалауы», «Көріпкел Құршының түс көруі», «Темүжіннің хан сайлануы және Шыңғыс хаған атағын аталуы (1182ж)» бөлімдері даңқты кейіпкердің күрес жолын, ерекше жаратылысын, қолбасылық талантын, қағандық қасиетін танытады. Шыңғыс ханның мемлекеттің ішкі тәртібі мен әскери жүйені орнықтырудағы еңбегі, үздіксіз соғыстар жүргізіп, ұлы жорықтарға шығуы, Керулен өзені жағасы мен Онон түбегіндегі шайқастары, Жалайыр Жамұқамен, меркіттермен, татарлармен соғысын поэтикалық тілмен баяндайтын бөлімдер батырлықтың, жанкешті қайсарлықтың, ұлы қолбасылықтың бітімін даралай түсуге арналған. Аңыздар мен тарихи деректердің тоғысуы нәтижесінде туындаған тарихи дастанның өзегіне алынған елдік, қаһармандық, тарихи тұлғаны абсолюттік дәріптеу идеясы бұдан кейінгі бөлімдерде жалғасын табады. Шыңғыстың жорық жолдары – оның жалпақ жаһанды өзіне тәнті еткен ұлы істерінің айғағы. Жырда осы жорықтар сипаты, соғыс психологиясы, Ұлы Империяға тұтасқан түрлі тайпалар мен рулар тарихы, әйгілі хандар мен Шыңғыс ұрпақтарының жорықтары елдік мақсат-мүддені көздеген ұлы оқиғалар ретінде суреттеледі. Шыңғыстың тоғыз уәзірі туралы баян, сондай-ақ Боршы уәзірдің, Тарғұтай-Кірлітүктің, Керей Тұғырыл ханның (Уаң хан) баяны, Шыңғыс ханның әскери кеңесі, күзетшідер мен сақшылар ережесі туралы бөлімдер, Бұйрық хан, Күлік хан, Тұғырыл хан, Шағатай мен Үгедей, Жошы хан, Құбылай хан, Жебе ноян, Қасар ноян образдары жыр мазмұнында үлкен көркемдік жүк арқалаған. Осындай тараулардың ішінде жыр оқиғасының шарықтау шегі дерлік әпсаналық мәнімен дараланып, мифопоэтикалық көркемдеумен көмкерілген «Шыңғыс ханның алтын кеседен шарап ішуі» атты тарауды ерекше бөліп айтуға болады. Ерекше туған, Тәңірдің назары түскен жанның ғана еншісіне бұйырар «өмір тостағанын» іздеу желісі әлем мифологиясындағы тұрақты әрі кең тараған мотивтердің бірі. Молшылық пен ырыстың, шексіз билік пен даналықтың сусыны құйылған «өмір тостағаны» Шыңғыс қағанның қолында ғайыптан шарап құйылған «алтын кесе» сипатында көрінеді. Ондағы шарап тек Шыңғыстай «сағымға садағын ілдірген» ғажайып болмысты адамның көмейіне құйылады.
Кельттер мифологиясында «өткеннің және келешектің королі» деп аталған Артур патша қолына түсіретін «өмір тостағаны» (кельттердің шыққан тегі бағзы көшпенділер деп біліп, Артурды өз бауырына тартатын түркі тектес халықтар пікірін де еске сала кетейік) өшпес даңқ пен көшпес салтанаттың символы болса, дәл сол «алтын кесе» шарап толған қалпымен Шыңғыс қағанға Тәңірдің қалауымен бұйырады. Осы бір ерекше оқиға арқылы жырдағы Шыңғыс хан тұлғасы асқақтай түседі.
Түйіндей айтсақ, оқырман назарына ұсынылған «Шыңғыс-нама» тарихи дастаны ерлік пен елдікті жырлап, қаһармандық рухты көтеретін, ұлт тарихының қат-қабат қалың қойнауын көркем кеңістікте түлеткен ірі эпикалық туындылар қатарында. Жыраулық дәстүрде туындаған бұл дастан қазақтың жыраулық өнері мен эпикалық мұрасын жаңғыртқан кесек туынды.
Жанат Әскербекқызы,
Л.Н. Гумилев Еуразия Ұлттық Университеті